Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары көбеймесе, азаймай отыр.
ERNUR.KZ. Елімізде жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол апаттары көбеймесе, азаймай отыр, деп жазады 24.kz.
Мәселен, Астанада жыл басынан 170-тен астам жол көлік оқиғасы тіркелген. Зардап шегушілердің айтарлықтай бөлігі құлаққап таққан жастар. Жол полициясының қызметкерлері осылай дейді. Құрылғыны құлағынан шешпейтін олар, көбіне сыртқы дыбысты естімей, соңы қайғылы жағдайға алып келеді.
Кез келген құрылғының пайдасы мен зияны болатыны белгілі. Алайда құлақты бітеп тұратын түймедей ғана құлаққаптың кесірі көп екенін біреу білсе, біреу біле бермес. Біріншіден, дербес құрылғыны ұзақ уақыт бойы пайдалану салдарынан адамның басы айналып, есту қабілеті нашарлай түседі. Дыбысты шамадан тыс зорайтпау туралы тіпті смартфонның өзі ескертеді. Екіншіден, айналадағы дыбысты анық естімей, соңы түрлі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.
Софья Қылышбекова, қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Сексен бірі жаяу жүргіншінің қатесінен. Яғни өзінің кінәсінен. Өйткені жаяу жүргіншілер кей кезде құлақтарына таспа киіп алып, жан-жағына қарамай, жолды кесіп өтеді. Жүзден астам жаяу жүргінші дене жарақатын алған. Оның ішінде 11-і өкінішке қарай, көз жұмды. Теміржол өтпелері, ол жерлерді байқап өту керек. Өйткені автокөлікке қарағанда теміржол көлігі өте қауіпті, тез тоқтай алмайтын құрал деп саналады ғой.
Мәселен, әлеуметтік желілерде мына жантүршігерлік кадрлар тарап кеткен. 30 тамызда 24 жастағы жігіт пойыздың дүңкілдеген дыбысын естімеген болуы керек, аяқ астынан аяғынан айырылды. Оқиға орнында тағы да сол құлаққап табылған.
Мәселені шешу жолдарының бірі ретінде алматылық жас өнертапқыштар «Safe and Sound» қосымшасын ойлап тапқан. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Жәңгір Сиранов пен Жәнібек Манабаев өз инновацияларын жуырда Астанада өткен Ұлттық робототехника Олимпиадасында таныстырып, жүлделі орыннан көрінді. Олардың айтуынша, әлемде баламасы жоқ мобильдік бағдарлама біраз меломанның өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Жәңгір Сиранов, жоба авторы:
- Жоба туралы идея құлаққап таққан қызды автобус қағып кеткені туралы жаға ұстатарлық видеоны көргеннен кейін пайда болды. Артынша жол апатының алдын алуға арналған осындай қосымшаны 3 ай ішінде ойлап таптық.
Жәңгірдің әріптесі Жәнібектің айтуынша, бүгінде мобильді қосымша жан-жақты тестіленіп, жетілдіріліп жатыр. Әртүрлі климаттық жағдайларда сынақтан өткізілмек.
Жәнібек Манабаев, жоба авторы:
– Қосымшаны әр қолданушы өзі пайдаланатын құлаққап баптаулары бойынша орнатуы керек. Яғни смартфонға музыка дыбысын автоматты түрде бәсеңдететін минималды межені таңдайсыз. Осы арқылы сіздің бағытыңызға қарай шыққан көлік немесе велосипед сигналын бірден ести аласыз.
Мирлан Алтынбек,тілші:
- Мәселен, мен өзімнің сүйікті әуенімді бар даусына қойып тыңдап келе жатырмын делік. Артқы жақта маған қарай тежегіші мен басқару жүйесі істен шыққан көлік жүйткіп келеді. Жүргізушінің дыбыс сигналын менен бұрын естіген мына «Сейф энд саунд» қосымшасы автоматты түрде смартфонымның дыбыс зорайтқышын басып тастайды. Төнген қауіпті сезе сала мен дереу қауіпсіз жерге ауысып үлгеремін. Мобильдік қосымша бүгінде бета-нұсқасында тестіленіп жатыр. Алдағы 2-3 айдың көлемінде баршаға қолжетімді болады деп жоспарланып отыр.