Алматыда «Ментальды денсаулық, психоәлеуметтік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
ERNUR.KZ. Психобелсенді заттарды бір рет пайдаланғаны анықталған және құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктің даму қаупі бар тұрғындар психикалық денсаулық орталықтарының ақпараттық жүйесіне енгізілуі мүмкін, деп жазады ҚазАқпарат.
Алматыда «Ментальды денсаулық, психоәлеуметтік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға 200-ге тарта шетелдік және еліміздің басқа өңірлерінің психикалық денсаулық орталығының кәсіби мамандары қатысты.
Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанның психиатрия, наркология саласының білікті мамандары психологиялық көмек көрсету және дерттің алдын алу, осы уақытқа дейін психикалық орталықтардың көмегіне жүгінуден қорқатын, намыстанатын көпшіліктің көзқарасын өзгерту, жаңа әдістерді енгізу төңірегінде түрлі тақырыптарды талқылады.
Іс-iара барысында республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Қуаныш Алтынбеков «психобелсенді заттарды бір рет пайдаланғаны анықталған адамдар және құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктің даму қаупі бар тұрғындар жайлы деректерді психикалық денсаулық орталықтарының ақпараттық жүйесіне енгізе отырып, консультациялық есепке алуды ұсынды.
«Мұндай есепке алудың мақсаты – адамды жазалау емес, оған көмектесу және ол жайында құпиялылықты сақтай отырып, кеңес беру, ақпараттық көмек және психологиялық қолдау көрсету», - деп түсіндірді Қуаныш Алтынбеков.
Сондай-ақ Қуаныш Алтынбеков бүгінгі психоактивті затты қолдану фактісін және мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыруды жүргізу қағидаларына өзгерістер енгізу жоспарланып жатқанын жеткізді.
Ресми дерекке сәйкес, елімізде 303 284 адам, халықтың 1,5%-ы психикалық денсаулық орталықтарында динамикалық бақылауда тұрады. Олардың 64,4%-ы (195299) психикалық кеселмен, 35,6% (107985) наркологиялық дертпен тіркелген. Дегенмен еліміздің бас психиатрының айтуынша, науқастардың саны ресми көрсеткіштен көбірек болуы мүмкін.
«Әлемде жасырын есірткі тұтыну деңгейін анықтаудың әртүрлі әдістері қолданылады. Жүйелі түрде эпидемиологиялық зерттеулер жүргізу арқылы нақты көрсеткішті айқындауға болады. Психиатриялық, наркологиялық қызметке стигматизацияның жоғары деңгейде болуы, көмекке жүгінудің аздығы, көптеген пациенттің динамикалық есепте болғысы келмеуін ескере отырып, біз динамикалық бақылау ережелерін оңтайландыру процесін бастадық», - деп атап өтті Қуаныш Алтынбеков.