Қураған шөптен 9 үй жанып кетті: Петропавл әкімі сөгіс алды

0
474

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының отырысында Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев сөгіс алды.


Қураған шөптен 9 үй жанып кетті: Петропавл әкімі сөгіс алды

ERNUR.KZ. Петропавл әкімі жақында болған өртте 9 баспананың жанып кетуіне байланысты сөгіс алды, деп жазады ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының отырысында Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев сөгіс алды. Оған негіз – өрттің алдын алуда тиісті жұмыстың жасалмауы. Мәселен, қураған шөпті шауып, жою үшін бюджеттен жылда қаражат бөлінеді. Биыл осы мақсатқа 67 млн теңге жоспарланған, алайда тиісті жұмыс жүргізілмеген.

«Қала әкімі жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. Қураған шөп-қамыс дер кезінде шабылмаған. Осындай жауапсыздықтан тұрғындар баспанасыз қалды. Бар мүлкінен, құжаттарынан айырылды. Мұның алдын алуға болар еді, егер де тиісті жұмыс уақытында жүргізілсе. Арнайы қаржы бөлінбесе, ақша болмаса мен түсінер едім», - деді облыс әкімі Айдарбек Сапаров.

Естеріңізге салайық, 7 мамыр күні Петропавлдағы Береке ықшам ауданында қамыс жанып, арты ауқымды өртке ұласты.

Сол күні қатты жел тұрып, тілсіз жауды ауыздықтауға үш сағат уақыт кетті. 9 үй күлге айналды, тағы екеуіне зақым келді, олар тұруға жарамайды. Салдарынан 11 отбасы баспанасыз қалды.

Осы оқиғаға қатысты Петропавлда жергілікті ауқымда техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл далада қалған отбасыларға ҚР заңнамасы аясында келтірілген шығынды қысқа мерзімде өтеу үшін енгізіліп отыр.

Қазіргі уақытта өрттен зардап шеккендер уақытша баспанада тұрып жатыр.

Тәуелсіз сарапшылар тұрғындарға келтірілген материалдық шығынның мөлшерін есептеп жатыр. Сондай-ақ баспана иелеріне 100 АЕК мөлшерінде өтемақы да берілмек.