Күріш пен мақта егуді азайту керек - Мағзұм Мырзағалиев

0
1 623

Министр су тапшылығын болдырмау үшін күріш егісін 29 мың гектарға азайту қажет екенін айтты.


Күріш пен мақта егуді азайту керек - Мағзұм Мырзағалиев

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев су тапшылығын болдырмау үшін ылғал сүйгіш дақылдардың, атап айтқанда, күріш пен мақтаның егістік алқабын азайтуды ұсынды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


"Біздің есептеулерімізге сәйкес, су тұтынудың қазіргі үрдісі (1,5 миллион гектарға 13,3 км³) сақталса, болжамды тапшылық 2030 жылға қарай 11,7 км³ құрауы мүмкін. Осыған байланысты, қазірдің өзінде су тұтынуды қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыру қажет", - деді министр үкіметте 2020 жылдың вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы жасаған баяндамасында.

Біріншіден, айтуынша, су тапшылығын болдырмау үшін күріш егісін 29 мың гектарға, атап айтқанда, Қызылорда (15 мың га), Алматы (10 мың га) және Түркістан (4 мың га) облыстарында азайту қажет. Бұл бір текше километр суды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, кемінде 750 мың гектар алқапта суарудың су үнемдеуші технологияларын енгізуді жалғастыру керек. Бұдан орташа алғанда 30%-ке дейін немесе 2,2 км³ су үнемделеді.
Үшіншіден, ұзындығы 6 мың км суару желілерін қайта жаңарту және 119 негізгі магистралдық каналда цифрландыруды жаппай енгізу есебінен жылына екі текше километр су үнемделеді.

"Осы қажеттіліктерге алдағы бес жылда республикалық бюджеттен және халықаралық қаржы ұйымдарынан 192 миллиарл теңге жұмсалады", - деді ол.

Бұдан бөлек, он жыл ішінде 3,6 км³ көлемінде су жинақтау үшін 39 жаңа су қоймасы салынады. Ол 70 елді мекен және 137 мың адам үшін су тасқыны қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
Мырзағалиев осы шараларды сәтті іске асырған жағдайда шамамен 8,8 км3 суды қосымша шоғырландыруға мүмкіндік пайда болатынын атап өтті.
Қорытындылай келе, министр ылғал сүйгіш дақылдардың, атап айтқанда, күріш пен мақтаның егістік алқаптарын кезең-кезеңімен азайтуды ұсынды.
Сонымен қатар, жаңа су қоймаларын салу және каналдардың техникалық жай-күйін жақсарту жөніндегі жобалар жалғасын табады.
Суармалы суды ұтымды және үнемді пайдалану мақсатында 2025 жылға дейін 119 негізгі каналды жаппай цифрландыру қажет.