Құс тұмауы адамға қауіпті ме - мамандар жауабы

0
1 094

Құс тұмауын жұқтырған адамда оның белгілері тек үш күннен кейін ғана біліне бастайды.


Құс тұмауы адамға қауіпті ме - мамандар жауабы

ERNUR.KZ. Жоғары патогенді құс тұмауы адам үшін қауіпті. Мамандардың айтуынша, негізінен ол ауру құстың еті мен жұмыртқасын пайдаланғаннан жұғады, деп жазады Stan.kz.


"Вирустың қай түрі болмасын 70 градустан артық ыстық температурада өледі. Сол себепті шикідей піскен жұмыртқаны жеуге болмайды. Кімнің иммунитеті нашар, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар – олар да құс тұмауын жұқтырып, ауруы мүмкін. Бұған дейін де өңірде құс тұмауы тіркелді. Алайда әзірше адамдар оны жұқтырған жоқ", - дейді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық испекциясының жетекшісі Марат Ибраев.


Құс тұмауын жұқтырған адамда оның белгілері тек үш күннен кейін ғана біліне бастайды.

Қалыпты тұмаудан айырмашылығы жоқ: адамның дене қызуы көтеріледі, буындары сырқырап ауырып, тамағы қызарады, жөтел пайда болады. Кейде конъюктивит пайда болады екен.


"Ауру асқынған жағдайда өкпе-жүрек жетіспеушілігі пайда болады. Өкпе ісіп, пневмонияға ұласуы мүмкін. Қан тамырларының жұмысы бұзылып, іш өтеді, құсып, ми ісініп кетеді. Құс тұмауын жұқтырған адам әдеттегі тұмаудағы препараттармен емделеді", - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Юлия Гайсина.


Мамандардың айтуынша, құс тұмауының алдын алуға болады. Ол үшін құсты қамап ұстау қажет.

Ал аурудың белгілері пайда болған жағдайда бірден ветеринар мамандарға хабарлаған жөн. Құсты бағуға киетін арнайы киім болуы қажет. Оны үнемі жуып, тазалап отырған жөн.


"Құсқа берілетін жемазықты жабайы құстар кірмейтіндей жабық ұстау керек. Ал құс еті мен жұмыртқасын рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасаушылардан алмау қажет. Суды қайнатып ішуге немесе бөтелкедегі суды пайдалануға кеңес береміз. Қолды жиі жуып, маска тағыңыз және бір реттік сулықтарды пайдаланыңыз. Жалпы тұмаудан сақтанудың жақсы жолы – арнайы екпе еккізу. Ал аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн", - дейді Юлия Гайсина.


Айта кетейік, жақында Солтүстік Қазақстан облысында құс тұмауы таралып, жоғары патогенді құс тұмауының таралуына қарсы шаралар жасалып жатқандығын хабарлаған еді.