​Қылмыскерлер енді жәбірленушілеріне ақша төлейтін болады

0
3 080

Жәбірленушінің одан әрі толық шығынды кінәлі адамнан өндіріп алу мүмкіндігі сақталады.


​Қылмыскерлер енді жәбірленушілеріне ақша төлейтін болады

ERNUR.KZ.«Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» қаңтардағы Заңның нормалары қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі адамдардан мәжбүрлі төлемдерді өндіріп алу бөлігінде 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Қазақстанда алғаш рет жәбірленушілерге қажетті материалдық көмекті жылдам көрсетуге бағытталған институт құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ. Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қордан өтемақы төлеу біржолғы қаржылық төлем түрінде жүзеге асырылады.

Бұл ретте, жәбірленушінің одан әрі толық шығынды кінәлі адамнан өндіріп алу мүмкіндігі сақталады.

Дүниежүзілік тәжірибеге және Зиянды өндіріп алу туралы Еуропа конвенциясына сәйкес өтемақы зорлық-зомбылық қылмыстарының құрбандарына төленеді.

Өтемақы:

  • жыныстық зорлық-зомбылық құрбаны болған кәмелетке толмағандарға;
  • адам саудасы және азаптаулар құрбаны болғандарға;
  • денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе АИТВ/ЖИТС жұқтырған адамдарға;
  • жәбірленуші қайтыс болған жағдайда оның заңды өкілдеріне тағайындалады.

Тізімге Қылмыстық кодекстің 46 бабы бойынша 124 қылмыс құрамы енгізілген.

Қылмыс салдарынан материалдық зардап шеккен және ашылмаған қылмыстар бойынша немесе кінәлі тұлға сот төрелігінен жасырынып жүрген жағдайда келтірілген зиянды өндіріп ала алмаған адамдарға қолдау ретінде өтемақы беріледі.

Заң бойынша қаражат Қорда екі жыл бойы, яғни 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін жинақталады және ол өтемақыны одан әрі төлеу үшін қажетті қаражатты жинауға көмектеседі.

Қордағы түсімнің негізгі көзі – соттың айыптау үкімі шыққан кінәлі тұлғалардан күштеп өндірілген қаражат.

Бұл тұрғыда, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жасалған барлық қылмыстар бойынша Қорға өндіріп алулар басталады.

Мәжбүрлі төлемдердің сомасы қылмыстың ауырлығына қарай 5-тен 30-ға дейінгі айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Қорды толықтырудың басқа көздеріне процестік бұзушылықтар үшін сот салған өндіріп алулар, сондай-ақ түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеп жүрген сотталушылардан ұсталатын сомалар жатады.

Қорға жыл сайын 1 млрд. теңгеден астам түседі деп болжануда.

2018 жылы 26 шілде күні Бас Прокурор бұл мақсатты орындау үшін барлық қылмыстық қудалау органдарына Заң талаптары бойынша Қорға қаражат өндіруді мүлтіксіз орындау туралы арнайы нұсқау жолдады.

Барлық аумақтық прокурорларға сотталған тұлғаларға көзделген өндіріп алу шараларын қабылдау туралы мәселелерді шешу кезінде соттармен заңдылықты қамтамасыз ету тапсырылды.

Бас прокуратура Қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселесін тұрақты бақылауында ұстайды.