2,3 миллион оқырманы бар танымал блогер қымбат қол сағатын жасырғанын хабарлаған.
ERNUR.KZ. Танымал блогер Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласындағы халықтың дүрлігуіне себепкер болды. Әлеуметтік желіде Нұрдәулет деген атпен белгілі блогер («Простой казах» - авт.) оқырманы арасында байқау ұйымдастырып, жағалауға қымбат қол сағатын жасырып қойғанын хабарлаған. «Бағалы сыйлық - танымал бренд өнімі» деп елді желіктірген азаматтың хабарламасынан соң, халық әшекейді іздеу үшін жаппай теңіз жағасына жинала бастаған, деп жазады Azattyq Rýhy.
Instagram желісінде 2,3 миллион жазылушысы бар Нұрдәулет мұндай хабарландыруды сторисінде қалдырған. Ол «Apple Watch» смарт-сағаты Ақтау қаласы 15-ші шағын ауданда жағалаудағы тастардың бірінің астына жасырылғанын деп жазған.
Әлеуметтік желідегі хабарландырудан кейін блогер меңзеген мекенжайға адамдар көптеп жиналып, әлдебір затты іздеп жүргендері байқалған. Блогердің бұл әрекеті пандемияға байланысты тәртіпбұзушылыққа жата ма? Жасырылған аксессуар табылды ма? Бұл туралы әзірге ақпарат жоқ.
Айта кету керек, осыдан бір ай бұрын Нұр-Сұлтан қаласында гүл сататын дүкеннің ашылуына орай ұтыс ойынын өткізбек болған кәсіпкерлер жазаланған еді. Елордада сыйлық береміз деп 2 мың адамның басын қосқан дүкен иелері Әкімшілік кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылды. Оларға 230 айлық есептік көрсеткіш (670 910 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Кәсіпкерлер кінәсін мойындап, айыппұлды 7 күн ішінде өтеуге келіскендіктен, төлем мөлшері 115 АЕК (335 455) теңгені құраған еді.