Қырғызстанда қазақстандық кәсіпкер Владимир Жұманбаевқа іздеу жарияланды

0
258

Аталған тұлғаға қылмыстық қудалау үшін мемлекетаралық іздеу жарияланды.


Қырғызстанда қазақстандық кәсіпкер Владимир Жұманбаевқа іздеу жарияланды

ERNUR.KZ. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті қазақстандық кәсіпкер, «Вертекс Голд» компаниясының иесі Владимир Жұманбаевқа Қ.Асанбектің (Қамшы Көлбаев) ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырғаны үшін іздеу жариялады, деп жазады inform.kz.

ҰҚМК мәліметінше, тергеу амалдары аясында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) фактісі бойынша тіркелген сотқа дейінгі іс жүргізу материалдарында Қазақстанның ірі бизнесмендерінің бірі Владимир Жұманбаевтың «Ағайындар ортасы» халықаралық қылмыстық тобының құрамына кірген «Заңдағы ұры» аталған Қ.Асанбектің ұйымдасқан қылмыстық тобының қызметін қаржыландыру фактілері анықталған.

«Аталған тұлға Қ.Асанбектің қылмыстық қоғамдастықтың құрамындағы кәсіпкерлерден рэкет, бопсалау түріндегі заңсыз әрекеттерден жүйелі түрде қаражат алуы, сондай-ақ ауыр қылмыстар үшін бірнеше рет сотталғаны, сондай-ақ оның «адам өлтіру», «адам ұрлау» және «қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) ұйымдастыру» баптарымен аса ауыр қылмыстар бойынша талай рет сотталғанын біле тұра, Қырғыз Республикасының аумағында бірлескен бизнес жобаларды жүзеге асыру үшін қолдау және қамқорлық алу мақсатында Қ.Асанбекпен байланыс орнатқан», - делінген хабарламада.

«В.Г.К.» ЖШС-нің Қырғыз Республикасы аумағындағы алтын өндірумен, кендер мен бағалы металдарды байытумен айналысатын иесі бола отырып, В.Жұманбаев алтын өндіруші компанияның жауапты қызметкерлері арқылы Қ.Асанбекке 2021-2023 жылдар аралығында ай сайын 1 млн сом жіберіп отырған.

Іздеудегі азамат Қ.Асанбекпен Ыстықкөл облысында орналасқан «Барс» демалыс базасының аумағында кездесіп, демалған. Бұл жерге ол жеке ұшақпен келгені атап өтілген.

Сотқа дейінгі іс жүргізуді тергеп-тексеру аясында «В.Г.К» ЖШС қызметі кірістерінің нақты көрсеткіштерін жасыру мақсатында Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдарына алтын кенін өндіру туралы жалған мәліметтер беру фактілері анықталған.

Бішкек қаласының Октябрь аудандық сотының қаулысымен В.Жұманбаевқа қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Аталған тұлғаға қылмыстық қудалау үшін мемлекетаралық іздеу жарияланды.