Қытайдағы ірі холдинг Қазақстандағы жобаларға инвестиция салады

0
619

Xinjiang Hualing Group – 1988 жылдың шілдесінде құрылған, 20-дан астам еншілес компаниялары бар ҚХР аумағындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі.


Қытайдағы ірі холдинг Қазақстандағы жобаларға инвестиция салады

ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов Xinjiang Hualing Industry and Trade (Group) Co. төрағасы Ми Ын Хуамен және Shanxi Meijin Energy Co. басшысы Яо Цзинь Лунмен келіссөздер жүргізді, деп жазады baq.kz.

Xinjiang Hualing Қытай холдингі девелопмент, сауда, ауыл шаруашылығы, логистика, энергетика және т. б. салаларда жұмыс жүргізеді. Әлихан Смайылов атап өткендей, бұл салалардың барлығы - Қазақстан экономикасы үшін басым бағыттар, осыған орай, екі ел арасында өзара тиімді ынтымақтастық құрудың әлеуеті зор.

Премьер-министр Қазақстан Үкіметі Xinjiang Hualing Group-тың инвестициялық бастамаларына қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Ми Ын Хуа Қазақстанмен одан әрі ынтымақтастыққа сенім білдіріп, келешекте түрлі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

Қытай делегациясының сапары барысында ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен Xinjiang Hualing Industry and Trade (Group) Co арасында ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Айта кетейік, Xinjiang Hualing Group – 1988 жылдың шілдесінде құрылған, 20-дан астам еншілес компаниялары бар ҚХР аумағындағы ең ірі кәсіпорындардың бірі.

Компания даму, сыртқы сауда қызметі, ауыл шаруашылығы, ауқымды логистика, экологиялық жобаларға инвестиция, энергетика бағыттарында қызмет етеді.

Олардың Қытайда 5 млн шаршы метрден астам коммерциялық үй-жайлары, сонымен қатар Грузияда бизнесі бар.