LRT ісі: Адвокат Тасмағамбетов пен Сағынтаевты сотқа шақыруды сұрады

0
617

​Адвокаттардың пікірінше, олар LRT ісі бойынша сан алуан қарама-қайшылықтарды жоюға және шындықты білуге көмектесе алады.


LRT ісі: Адвокат Тасмағамбетов пен Сағынтаевты сотқа шақыруды сұрады

ERNUR.KZ. LRT ісі бойынша апеляциялық сот отырысында адвокаттар бірқатар жоғары лауазымды шенеунікті куәгер ретінде шақыруды сұрады, деп жазады sputnik.kz.

10 жылға сотталған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжоловтың адвокаты Сәуле Ақатованың айтуынша, істің мән-жайын анықтау мақсатында аппеляциялық сотқа президент көмекшісі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешев, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев пен Қазақстанның Ресейдегі бұрынғы елшісі Иманғали Тасмағамбетовты шақыру қажет. Олар сан алуан қарама-қайшылықтарды жоюға және шындықты білуге көмектесе алады. Өйткені барлығы LRT құрылысы кезінде жауапты қызметте болған.

"Біз сотқа бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовты, премьер-министрдің бірінші орынбасары (қазір Алматы әкімі) Бақытжан Сағынтаевты, индустрия және жаңа технологиялар министрі (қазір президент көмекшісі) Әсет Исекешевті шақырып, онлайн режимде жауап алуды сұраймыз. Оларға өздері қол қойған құжаттарды да көрсету керек. Сосын ол құжаттардың маңыздылығын, төмен тұрған мемлекеттік құрылымдар мен лауазымды тұлағалардың атқарған міндеттері жайында сұрау қажет", – деді Ақатова.

Оның айтуынша, LRT құрылысы бойынша шешім қабылдаған адамдар осы жобаның мемлекет үшін несімен тиімді болғанын түсіндіріп беруге тиіс.

"Неге тиімсіз болғанына қарамастан үкімет құрылысты толығымен тоқтатқан жоқ? Неге жобаның құнын арттыра отырып, бюджет қаржысын салуды жалғастыра берген?", – дейді адвокат.

Сондай-ақ Ақатова сотқа Қазақстанның Нидерланд Корольдігіндегі қазіргі елшісі Асқар Жұмағалиевты, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры директорлар кеңесінің төрағасы Болат Жәмішевті және Тұңғыш президент әкімшілігінің экс-басшысы Әділбек Жақсыбековты шақыру қажет деп санайды.

"Осы тұлғалардан Аманжоловқа тағылған айыптар аясында өздері қабылдаған шешімдер бойынша жауап алынуға тиіс. Әйтпесе Аманжоловтың қандай әрекеті заңға қайшы болғанын қосымша білуге еш мүмкіндік болмай тұр", – дейді Ақатова.

Бұдан бөлек, адвокат LRT жобасына қатысқан шетелдік серіктестерден жауап алуды сұрады. Ал шетелге қашып кеткен елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" басқармасының төрағасы Талғат Ардан сотта жауап бермесе, істің анық-қанығын анықтау қиын.

Адвокаттардың ойынша, құқық қорғау органдары халықаралық іздеуде жүргендерді іздеп жатқан жоқ. Сәуле Ақатованың өтінішін басқа адвокаттар да қолдады. Ал прокурор Арсен Бегалин жоғары лауазымды шенеуніктерді сотқа шақыруға қарсы болды.

"Ондай өтініш соттың бірінші сатысында жарияланған. Ол адамдардан жауап алудың қажеті жоқ деп санаймын. Себебі іс бойынша барлық дәлел қарастырылды", – деді прокурор Бегалин.