Оқуға ақылы негізде түсу үшін 50 балл жинау қажет.
ERNUR.KZ. Магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге қатысу үшін тіркеу 18 маусым күні басталады. Тіркеу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі, деп жазады ҚазАқпарат.
«Тіркеу кезінде тестілеу өткізілетін орынды оқуға түсуші өзі таңдайды. Сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтында байқау сынағынан өтуге болады. Емтихандар 20 шілдеден басталып, 10 тамызға дейін жалғасады», – дейді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.
Магистратураға түсу форматына келетін болсақ, биыл ешқандай өзгеріс жоқ. Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда тестіленуші КТ аяқталғаннан кейін 30 минуттың ішінде апелляцияға өтініш бере алады.
«Магистратураға түсуге арналған тестілеу 3 бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Шет тілін меңгерудің жалпы халықаралық құзыреттеріне (стандарттарына) сәйкес шет тілін меңгергенін растайтын бір халықаралық сертификаты бар магистратураға түсушілер шет тілі бойынша кешенді тестілеуден босатылады», – деп атап өтті А.Тойбаев.
Айта кеткен жөн, биыл мемлекеттік білім тапсырысы бойынша магистратураға түсу үшін шекті балл өзгеріссіз қалды - 75 балл.
Оқуға ақылы негізде түсу үшін 50 балл жинау қажет.
Емтихан төрт сағатқа дейін жалғасады.
Естеріңізге сала кетейік, бакалавриат бойынша гранттардың жалпы саны - 56 561, магистратура – 13 263, докторантураға 1890 грант бөлінген.
Кадр даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.