Өткен жылы «Шанхай» шағынауданында 3 км кентішілік жол, балаларға арналған ойын алаңы салынып, көше жарығы тартылған.
Фото: Мұрат Аяғанов
ERNUR.KZ. Билік органдары «Шанхай» шағынауданындағы апаттық үйлерді құжаттандыру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Бас жоспарға өзгеріс енгізіліп, кентте жалпы саны 120 үй тұрғызу жоспарланған, деп жазады inform.kz.
Павлодар облысы әкімдігінен хабарлағандай, жуықта Майқайың кентінде «Майқайыңалтын» АҚ басшылығымен «Шанхай» тұрғындарының мәселесі бойынша жұмыс кеңесі өткізілген.
— Кеңесте талқыланған мәселелерді кәсіпорын басшылығы құрылтайшыларына жеткізіп, биылғы наурыз айының соңына дейін нақты ұсыныс-жауаптар берілетін болады. Бас жоспарға сәйкес, Майқайың кентінің оңтүстік-батыс аймағында 120 тұрғын үй салу үшін жер учаскелері белгіленген. Бірақ нақтыланған есебі жоқ. «Майқайыңалтын» АҚ тарапынан ұсыныс күтілуде, — деді Kazinform тілшісіне Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Наталья Нефедова
2024 жылғы қаңтардағы апаттық жағдайдан соң Баянауыл ауданының жер қатынастары, экономиканың нақты секторы бөлімдері және Майқайың кентінің әкімдігі бірлесіп аулаларды аралап шыққан.
Нәтижесінде шағынауданда нақты тұрып жатқан үйлер саны анықталып, құжаттары заңдастырылмаған үйлердің иелерімен түсіндіру-ақпараттандыру жұмыстары жүргізілген.
— Қазіргі уақытта аумақтағы үйлердің 90% заңдастырылғаны белгілі болып отыр. Алтын дала көшесінде — 30 үй, Кенжебаев көшесінде — 7 үй, Кенші көшесінде — 18 үй, Ә. Молдағұлова көшесінде — 19 үй, Жаяу Мұса көшесінде — 2 үй, жалпы 76 үй бар. 63 үй бойынша құқық белгілейтін құжаттары толық. Құжаты толық емес үйлер саны — 13. Нақты құқық белгілейтін құжаты жоқ үйлер саны — 8. Өзге 5 үй тұруға жарамсыз, яғни қираған үйлер. Заңдастыру жұмыстары әлі де жалғасуда. Жарылыс орын алған аумаққа жақын орналасқан 76 үйде барлығы 273 адам тұрып жатыр. Оның ішінде 27-сі зейнет жасындағы қариялар, 5-еуі мүмкіндігі шектеулі тұлғалар болса, 81 кәмелеттік жасқа толмаған балалар және 160 еңбекке қабілетті ересек адамдар бар. Осы аталған отбасылар арасында 10 отбасы биылғы жылы тегін көмірмен қамтамасыз етілген, — дейді Наталья Нефедова.
Өткен жылы «Шанхай» шағынауданында 3 км кентішілік жол, балаларға арналған ойын алаңы салынып, көше жарығы тартылған.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Майқайың кенті бойынша облыстың сәулет басқармасы тарапынан бас жоспарға түзету енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Биыл кенттің оңтүстік-батыс аймағында тұрғын үй құрылысы жоспарланған учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді.