Бір күн ішінде мал және ет өнімдерін тасымалдаушы 80 жуық көлік тексеріліп, 17 жүргізушінің тиісті құжаттары жоқ екені анықталған.
ERNUR.KZ. «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Алматы облысының тәртіп сақшылары мал және ет өнімдерін тасымалдауға, оларды саудалауға қажетті құжаттарды қатаң тексеруге алуда. Арнайы іс-шара 11 қарашада басталып, 3 күн өтеді, депжазады Qamshy.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – мал ұрлығының алдын алу, бұған дейін орын алған ұрлықтарды ашу. Осы мақсатта облыстық және республикалық жолдар бойында арнайы блок-посттар қойылып, көліктердің мал тасымалдауға қажетті құжаттарын тексеруде.
– Бір күн ішінде мал және ет өнімдерін тасымалдаушы 80 жуық көлік тексеріліп, 17 жүргізушінің тиісті құжаттары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар, 25 мал сату орны мен 30-дан астам ет өнімдерінің дүкені тексерілді, – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Арнайы шара барысында бұған дейін болған 16 қылмыс ашылған. Оның 4 дерегі бұрынғы жылдар санатына жатады. Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікке ілінген 3 қылмыстық топтың мүшелері құрықталған.
– Алматы облысының тәртіп сақшылары 10 ай ішінде қажетті құжаттар жоқ болса да мал тасымалдаудың 656 дерегін анықтаған. Жүргізушілерге 8 миллион 92 мың теңгенің айыппұлы салынды. Биыл рейд кезінде Еңбекшіқазақ ауданында мал ұрлығын кәсіп қылған қылмыстық топ ұсталып, барымташылар тобынан 40 жылқы тәркіленген, – деп толықтырды облыстық полицейлер.