Заңның 8-бабының 4-тармағына сәйкес, мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарының білім алуы кезеңінде қаржылай шығыстарын толық немесе ішінара өтейді.
ERNUR.KZ. Премьер-Министр Асқар Мамин жекеменшік мектептерде білім алушылардың жекелеген санаттарына материалдық көмек көрсетуге қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.
Айта кетейік, биыл қазан айында сенатор Нұрлан Бекназаров Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселеге назар аударған еді.
«Орта білім беру ұйымдарын жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру балаларды бастауыш, орта және жалпы орта біліммен қамтамасыз етуге мемлекеттік білім беру тапсырысын (мемлекеттік тапсырыс) орналастыру негізінде барлық толық жиынтықталған қалалық мемлекеттік және жекеменшік мектептерде іске асырылады. Жан басына шаққандағы қаржыландыру моделіне еңбекақы төлеуге, коммуналдық қызметтерге, байланыс қызметтеріне арналған шығыстар, күрделі шығыстар және мұғалімдер үшін ынталандырушы қорды қалыптастыруға арналған шығыстар кіреді.
«Білім туралы» ҚР Заңында мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп-ұстауға және шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда орта білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының кемінде екі пайызы мөлшерінде қаржылай және материалдық көмек көрсету көлемі бекітілген», - деп жазды А. Мамин депутаттық сауалға жауап бере отырып.
Заңның 8-бабының 4-тармағына сәйкес, мемлекет әлеуметтік көмекке мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарының білім алуы кезеңінде қаржылай шығыстарын толық немесе ішінара өтейді. Бұл ретте жергілікті бюджет есебінен әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту облыстар мен аудандар (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қала, астана мәслихаттарының құзыретіне жатқызылған.
«Білім алушылардың жекелеген санаттарына материалдық көмек көрсетудің проблемалы мәселелері Үкіметте облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдері орынбасарларының, «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Оның қорытындысы бойынша 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге арналған қаражат көлемін жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп-ұстауға әрі шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындарда орта білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыруға бөлінетін бюджет қаражатының жиынтық көлемінің кемінде 2% мөлшеріне жеткізу тапсырылды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігіне сіздер көтеріп отырған жекеменшік мектеп оқушыларының жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету бойынша мәселелерді заңнамаға өзгерістер енгізу бөлігінде пысықтау тапсырылды. Жұмыстың қорытындысы туралы министрлік осы мәселе бойынша тиісті ақпаратты қосымша жіберетін болады», - деді А. Мамин.