Маңғыстау облысындағы ауыл мектебін екі-ақ түлек бітірді

0
544

Биыл Маңғыстау облысында 7439 оқушы мектеп бітірді.


Маңғыстау облысындағы ауыл мектебін екі-ақ түлек бітірді

ERNUR.KZ. Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына қарасты Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатын екі-ақ түлек бітірді. Өйткені мектепте оқушы саны аз, деп жазады ҚазАқпарат.

Биыл Маңғыстау облысында 7439 оқушы мектеп бітірді. Облыс бойынша ең көп мектеп түлегі Мұнайлы ауданында тіркелген. Атамекен ауылындағы №7 мектепті 117 түлек бітірді. Мұғалімдердің айтуынша, мұнда алты 11-сынып болған.

Ал Бейнеу ауданындағы Сарға ауылында 11-сыныпты тек екі қыз бала аяқтады.

«Биыл Сарға ауылындағы Бейнеу мектеп-интернатынан 2 түлек бітірді. Былтыр осы сыныпта көрші ауылдан екі ер бала келіп оқыған еді. Алайда 11-сыныпқа көшетін уақытта олар кетіп қалды. Себебі дене тәрбиесі секілді сабақтар ер балалар үшін қызықсыз болды. Бейнеу мектеп-интернатында 104 оқушы бар. Оның 50-і интернатта жатады. Оқушыларға 29 мұғалім сабақ береді. Бізде 11-сыныпқа дейін оқушылар іріктеліп, тек екеуі ғана қалды. Көбі 9-сыныптан кейін колледжге түсті. Биылғы түлектер алда өздері қалаған оқу орнына түсеміз деп отыр», - дейді мектеп директоры Айса Сағындықов.