Маңғыстауда құс фабрикасының қалдықтары жайылымдағы малдарды улады

0
926

​Маңғыстау облысында жаңадан ашылған құс фабрикасының қалдықтары ашық-шашық жатыр. Салдарынан шаруалардың жайылымдағы малдарды уланып, арам өлуде.


ERNUR.KZ. Қазірдің өзінде 5 түйенің өлексесі табылды. Қуаңшылықтан төрт түлігі қырылып, әрең отырған шаруалар қалған малынан қалдықтардың кесірінен айрылғысы жоқ, деп жазады inbusiness.kz.

Айгүл Романова 10 млн теңгеден астам агро несие алып, 13 түйе бағып отыр еді. Оларды көбейтіп шаруашылықты шалқытамын деген арманы көкке ұшты. Айдың, күннің аманында 2 түйесі арам өлді. Жайылымға жіберген малы іргедегі құс фабрикасының полигонынан қоректеніп, содан айрылғанына наразы.

"Ашық аспан астына қалдық төгуін қойып, полигонға арналған жерлеріне төгіп, жайылымды, шұрайлы жерлерді бүлдірмесін. Көпшіліктің малы жайылады. Жайылымды жайына қалдырса екен", – деді шаруа.

Ал Нұркен Арал: "29 қыркүйек күні екі түйем өліп қалды. Далаға төгілген қалдық маңында жатты. Күнде түйе барып соны жеп тұр. Қалдықты арнайы төгетін өзінің орындарына апарсын. Ал малымызды шетінен қыра беретін жайымыз жоқ. Өзі жерімізде жұт, жейтін дым жоқ. Түйе жемнің исіне барып, қайта-қайта соны жеп тұр", – деп риза еместігін ашық айтты.

Биылғы жылдың шілде айында ғана ашылған заманауи құс фабрикасы Ақтаудан 33 шақырымда орналасқан. Қалдықтарын екі жерге төгіп келеді. Бірі дәл фабриканың тұсы, екіншісі 15 шақырымдағы полигон. Екеуі де жайылым жер. Не қоршауы, не қауіпсіздігі сақталмаған орынды басқа жерге көшіруді сұрайды шаруалар.

Ал кәсіпорын қожайындары болса, қалдықтар өздеріне тиесілі заңды жерлерге төгілді деп отыр. Құс фабрикасының директоры

Данияр Тұрғынов былай деді: "Мекеменің аумағында орналасқан жерге әдейі төктік. Жердің құнары аз дегесін, тыңайтқыш болсын деп жоспарлап жатқан жайымыз бар. Өйткені ол жерге егістік егеміз. Полигонға басқа жер рәсімдеп жатыр. Жердің құжаттарын алған соң жаңа полигонның жобасын іске асыра бастаймыз".

Қалдықтар қоймасы Мұнайлы ауданының аумағына кіреді. Аудан әкімі 50 гектар жер қазіргі полигон үшін заңды түрде берілгенін нақтылады. Енді шаруаларға малдарын қорада ұстап бағуға немесе сот арқылы шығынды өндіріп отыруға тура келеді.