Марихуана сортының 12 бұтасы табылып, тәркіленді.
Маңғыстау облысының тұрғыны марихуана өсірді деген күдікке ілінді, – деп жазады Polisia.kz.
“Қарасора – 2023” республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында Маңғыстау облысы ПД есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов елді мекенінде орналасқан үйлердің бірінде марихуана сортының өсімдіктерін заңсыз өсірді деген күдікке ілінген жергілікті тұрғынды ұстады.
Тінту жұмыстарын жүргізу кезінде учаске аумағында жалпы салмағы 820 граммды құрайтын марихуана сортының 12 бұтасы табылып, тәркіленді. Тергеу барысында күдікті аталған өсімдіктерді жеке мақсатта пайдалану үшін өсіргендігі анықталды.
63 жастағы күдікті азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігі (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер тергеу мүддесінде жария етілмейді.