41 шағын қаланың 12-сі өз мәртебесіне сәйкес келмейді
ERNUR.KZ. Еліміздегі 41 шағын қаланың 12-сі өз мәртебесіне сәйкес келмейді. Өйткені қолданыстағы заңнама бойынша моноқалалардағы халық саны 10 мың адамнан кем болмауы қажет, деп жазады 24.kz.
«Кейбір шағын қалалардағы тұрғындар саны 2 мыңнан аспайды», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман.
Оның айтуынша, екі жыл бұрын Үкіметке демографиялық жағдайы төмен шаһарлардың мәртебесін ауылдық елді мекенге ауыстыру туралы депутаттық сауал жолданған. Бүгінде ресми жауап әзірленіп жатыр. Бірқатар өңірде шағын қалалар мен ауылдар арасындағы айырмашылық жер мен көктей деуге келмейді.
"Әсіресе, халық саны аз және әлеуметтік саласы мен өнеркәсібі кенжелеп қалған қалашықтарда жергілікті мамандар жалақысына қосымша 25 пайыз ақы алу құқығынан айырылып отыр. Мәртебесіне сәйкес келмейтін шағын қалаларда мұғалімдер дәрігерлер бәрі де ауылдағыдай тұрмыс кешуде. Бірақ олар ауылда тұратын әріптестері алып отырған 25 пайыздық қосымша ақыны алып отырған жоқ. Мұның өзін әлеуметтік әділдік деп айту қиын. Мәселен, Ақтөбе облысының Темір және Жем қалаларында небәрі 2 мыңға жуық адам тұрады", – дейді депутат.
Осындай жерлерді ауылдық елді мекенге айналдыру туралы депутаттық сауал 2016 жылы Үкіметке жолданған. Оған берілген ресми жауапта арнайы ғылыми зерттеулер жүргізу керектігі айтылыпты. Артынша, Ұлттық экономика министрлігі Экономикалық зерттеулер институтымен бірлесе зерттеу жұмыстарына көшті.
"Экономикалық зерттеулер институты шағын қалаларды ауылдық елді мекендерге айналдыру арқылы оларды ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге мамандандырып, олардың дамуына жаңа серпін беруді ұсынып отыр" -дейді мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде депутаттық сауалдың өзектілігін растайтын қорытынды жарияланды. Осыған байланысты, бүгінде Премьер-министрге екінші депутаттық сауал жолданды. Үкіметтің бүгінгі отырысында да осы сұрақ қаралуы бек мүмкін.