Мәжіліс сайлауы: кімдер коронавирусқа тегін тексеріледі

1
2 120

​Сайлау комиссиясының мүшелері коронавирустың бар-жоғын анықтау үшін міндетті түрде тест тапсыруы қажет.


Мәжіліс сайлауы: кімдер коронавирусқа тегін тексеріледі

ERNUR.KZ. Сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар және сенімді тұлғалар коронавирусқа ПТР тесті тегін тапсырады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Министр сайлау комиссиясының мүшелері коронавирустың бар-жоғына міндетті түрде тест тапсыруы қажет екенін жеткізді.

"Сайлау комиссиясының мүшелері, бақылаушылар, сенімді тұлғалар вирус қаупі жоғары немесе төмен аймаққа барған кезде, яғни 5-9 қаңтар аралығында тексеріліп, олардың ПТР-тесті теріс нәтиже көрсетуі керек. Сайлау комиссиясының мүшелері, сенімді тұлғалар тексерістен тегін өтеді", - деді Цой орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Ол тестілеу МӘМС қорының қаражаты есебінен тегін өткізілетінін атап өтті.

"Бақылаушылар тізіміне енген адамның барлығын, сайлау комиссиясы мүшелерін, сенімді тұлғаларды тексеріп, оны қор есебінен өтейміз", - деді министр.

Цойдың айтуынша, қазір денсаулық сақтау министрлігінде сайлау процесіне қатысушылардың тізімі жиналып жатыр.

"Сақтандырылмаған адамдар үшін қаржыландырудың басқа көздерін қарастырамыз. Қазір Ұлттық сараптама орталығының зертханалары арқылы тестілеу мүмкіндігі бар", - деп толықтырды министр.

Алексей Цой алдағы сайлауда қазақстандықтарды санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.

Айтуынша, алдағы сайлауда эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бас санитарлық дәрігердің қаулысы шыққан. Ол бойынша бірқатар талап бар. Оның негізгісі сайлау учаскесіне қатысты.

"Мысалы, сайлау учаскесінде термометр орнату, сайлаушының қайда баратынын көрсететін белгілердің болуы, маска тағу, қолды тазалайтын санитайзерлердің болуы, жиһаз бен техникалық құрал-жабдықтардың арасы кем дегенде 1,5-2 метр болуы, адамның дене қызуы 37 градустан жоғары болған жағдайда жеке бөлменің болуы сияқты талаптар", - деді ведомство басшысы.

Сайлаушыларға да бірқатар талап қойылады.

"Сайлау учаскесіне барған кезде бір реттік медициналық маска мен антисептикті пайдалануы қажет. Ал оқшаулану талабы қойылған, үйде емделіп жатқан, коронавирусқа байланысты карантинге жіберілген дауыс берушілер сайлау учаскесінен тыс жерде дауыс бергісі келсе, сайлау комиссиясы мүшелерін ескертуге міндетті", - деді Цой.

Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 10 қаңтарда өтеді.