Қазіргі кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында нақты бір ауруларды емдеу қарастырылған.
ERNUR.KZ. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен халықты емдеу тәртібіне өзгеріс енгізіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Қазіргі кезде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында нақты бір ауруларды емдеу қарастырылған. Ал тізімге кірмейтін дерт анықталса, басқа ауруханаға баруға тура келеді. Алдағы уақытта осы олқылықты жою мақсатында МӘМС есебінен емдеу тәртібіне өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.
"Осы мәселені көп адам көтерді, жазып жатқандар да бар. Мысалы, біреу ауруханада ота жасатады, сол жерде басқа бір ауру анықталады. Сол кезде дәрігер оны емдей алмаймын дейді. Себебі медициналық сақтандыру қорынан оған ақша бөлінбейді. Осыған байланысты біз қордың ақшасына ұсынылатын медициналық қызметтерді кеңейтуді көздеп отырмыз. Сонда бір ауруды емдеу кезінде басқа бір дерт анықталып жатса, оны да емдейтін болады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, қорға түсетін қаржының көлемі біртіндеп ұлғайып келеді. Алайда қымбат медициналық қызметтерге әзірге жетпейді.
Ал бірінші вице-министр Марат Шоранов медициналық сақтандыру қорына түсетін қаржының көлемін жариялады. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде қорға жыл сайын 600-700 миллиард теңге түседі.
"Бірақ ол ақша көп жатпайды, бірден медициналық қызметтерге таратылады", - деп атап өтті Шоранов.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде 3 миллионнан астам қазақстандық медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспайды, ай сайын жарна аудармайды. Олардың ішінде өз-өзін жұмыспен қамтып жүргендер көп.