Мектеп психологтарының әлеуеті көтеріледі – Аймағамбетов

0
454

Елімізде 7652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетеді.


Мектеп психологтарының әлеуеті көтеріледі – Аймағамбетов

ERNUR.KZ. Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп психологтарының әлеуетін арттыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп жазады baq.kz.

Министр атап өткендей, қазіргі күні психологтардың әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. 7652 педагог-психолог күн сайын қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетеді.

"2019 жылғы 1 қаңтардан бастап психолог-педагог санаты 3-блоктан 2-блокқа көтерілді, соның арқасында жалақылары қөбейді. 2019 жылдан бастап педагог-психологтерге біліктілігі үшін қосымша 30%-дан 50%-ға дейін ақы алу мүмкіндігі берілді. Енді әлемдік тәжірибе бойынша оқушыларды психологиялық қолдаудың тиімділігін арттыру үшін қосымша штаттық бірліктер қажет болып тұр. Осы мәселе де шешімді қажет етеді", - деп айтты Аймағамбетов.

Сонымен қатар бас ұстаз балалардың қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету үшін қабылданатын шараларды қорытындылады:

  • Психологиялық қызметтердің жұмысын күшейту үшін бірыңғай талаптарды енгізу;
  • Тәрбие жұмысы бағыты бойынша мектеп пен ата-аналардың өзара іс-қимылының жаңа форматын енгізу керек;
  • Жалпы тәрбие жұмысының құндылыққа бағытталған компонентін күшейтеміз.

- Білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен, лицензияланған күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел басқару орталықтарына шығарумен 100% қамтамасыз ету керек;

- Педагогикалық қызметкерлер мен оқушыларды төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша оқытуды ұйымдастырамыз;

- Білім беру ұйымдарында штаттан тыс жағдайлар бойынша жыл сайынғы оқу-жаттығулар өткізу де өте маңызды;

- Төтенше жағдайлар, террористік қауіп кезінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің іс-қимыл алгоритмін жаппай енгізу.

Білім беру ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бекітілген талаптарды орындап, бюджеттен қосымша қаржы бөліп, қысқа мерзімде осы жұмысты ұйымдастырамыз, - деп қорытындылады министр өз сөзін.
Бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектептердегі арнайы күзет қызметі мен оқушыларды тасымалдау мәселесі жайынды айтып берді.