Мектептердегі емтихан мен "Алтын белгіге" қатысты өзгерістер енгізіледі

0
1 689

Орыс мектептерінде қазақ тілін үйретуге серпін беріледі.


Мектептердегі емтихан мен

ERNUR.KZ. Мектептердегі емтихан мен "Алтын белгіге" қатысты өзгерістер енгізіледі, деп жазады inbusiness.kz.

Орысша және аралас мектептердегі балалардың мемлекеттік тілді нашар меңгеретіні бұрыннан айтылып келеді. Ұлт жанашырлары тіпті оларды бірте-бірте жауып тастауды ұсынды. Бірақ биліктің оған батылы бармады. Сондықтан ең құрығанда, орыс сыныптарындағы балаларғдың мемлекеттік тілді білуіне қатысты талапты күшейту мәселесі пісіп-жетілді.
Әйтпесе, сорақысы сол, мектептерді "Алтын белгімен" бітірген түлектердің үлкен бөлігі мемлекеттік тілде сөйлемейді. Жастардың түсіндіруінше, орыс және аралас мектептердегі қазақ тілі пәні мұғалімдерінің көбі жұмсақтық, тіпті қорқақтық танытады, орыс тілді оқушылар өлеңді еш түсінбей, жәй жаттап алса, жоғарғы бал қоя салады. Балалар мәтінді Google аударма арқылы тәржімалай салатын болды.
Салдарынан, мысалы, "Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының әр жылдағы қатысушылары мен жеңімпаздарының басым көпшілігінің өмірбаянында мектепті озат бітіргені көрсетілген. Алайда көбісі екі сөздің басын құрап, журналистерге мемлекеттік тілімізде сұхбат бере алмайды.
Бұл былықтан арыла алмай, білім саласы Қазақстанның болашағына балта шабумен болады: жас ұрпақты, демек елді тіліне қарай екіге жарады.
Оқу-ағарту жаңа министрі Ғани Бейсембаев қателікті түзетуге қадам жасауға бел буды. Осы мақсатта министрдің жаңа бұйрығының жобасы әзірленді. Ол Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы "Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" №125 бұйрығына өзгеріс енгізбек.
"Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында негізгі орта деңгейде, яғни 5-8 сыныптарда және жалпы орта деңгейде, яғни 10 сыныпта қазақ тілі бойынша емтихан енгізіледі. Атап айтқанда, 2023-2024 оқу жылынан бастап, осы сыныптарда академиялық жылды аяқтаған кезде қазақ тілінде оқытатын мектептерде – "Қазақ тілі" пәні бойынша, ал орыс және басқа тілдерде оқытатын мектептерде – "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні бойынша емтихан енгізіледі", – деп қысқаша түсінік берді министрлік.
Нәтижесінде, қазіргі қолданыстағы ТЖБ, БЖБ, формативті бағалауға, білім алушыларды аралық аттестаттауға және қорытынды аттестаттауға жаңа оқу жылында "қазақ тілі бойынша емтихан" да қосылмақ.
Бұйрық жобасында берілген анықтама сәйкес, қазақ тілі бойынша емтихан – "негізгі орта (5-8 сыныптар), жалпы орта (10 сынып) деңгейінде академиялық жылды аяқтаған кезде қазақ тілінде оқытатын мектептерде – "Қазақ тілі" пәні бойынша, қазақ тілінен басқа тілде оқытатын мектептерде – "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәні бойынша білім алушылардың бағдарламалар мазмұнын меңгеруін бағалау мақсатында өткізілетін рәсім" болады.
Бұл рәсім 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Ведомство дерегінше, мектептердің жоғарғы сыныптарындағы қазақ тілі бойынша жаңа емтихан оқу бағдарламасын меңгеру қорытындысы бойынша жазбаша және ауызша нысанда қатар өткізіледі. Оның барысында тіл үйренуді бағалаудың жаңа форматтары қолданылады. Мысалы, орыс және басқа тілде оқитын жоғарғы сынып оқушылары қазақша аудиожазбаны тыңдап, одан түсінгенін ауызша баяндауы, мәтінді мәнерлеп оқуы, жазбаша тапсырмаларды орындауы шарт.
Емтиханды өткізу уақытын мектептің педагогикалық кеңесі айқындайды. Тапсырмаларды академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, педагогтер құрастырады және оны білім беру ұйымының әкімшілігі бекітеді.
"Қазақ тілі", "Қазақ тілі мен әдебиеті" пәндері бойынша қорытынды баға емтиханның (бес балдық шкала бойынша) және жылдық бағалаудың (бес балдық шкала) нәтижелері негізінде қойылады. Ендеше егер бұл емтихан шынымен адал өткізілсе, онда мемлекеттік тілді білмейтін түлектер "Алтын белгі" ала алмаса керек.
Жаңа бұйрық жобасына сәйкес, жаңа оқу жылынан бастап, БЖБ және ТЖБ үшін қорытынды балды қою кезінде қолмен жөнделген жерлер (помарки), сондай-ақ оқу тапсырмалары мен есептер шарттарын рәсімдеулер есепке алынбайды. Бұған қоса БЖБ, ТЖБ кезінде оқушының нашар мінез-құлық танытқаны үшін педагогтер оның балдарын төменде алмайды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұйрық жобасы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мектептердегі білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізу тәртібін айқындайды.
Сонымен қатар құжат меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, барлық техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы оқушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің тәртібін бекітеді.
Тағы бір жаңалық өмірге жолдама алмақ: Назарбаев зияткерлік мектептері (НЗМ) бір монополиясынан айрылады.
"Ата-аналар мен білім алушылардың өтініштерін ескере отырып, әрі "Алтын белгі" жалпы орта білім туралы аттестат алуға үміткерлер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Назарбаев зияткерлік мектептері филиалдарының базасында "Алгебра және талдауды бастау" пәні бойынша қорытынды аттестаттауды өткізу туралы талап пен норма қағидалардан алынып тасталады", – деп түсіндірді министрлік.
Әйтпесе, қолданыстағы талапқа сәйкес, бұрынғы министрлер "Алтын белгі" алуға үміткерлер үшін қорытынды аттестаттауды тек қана "НЗМ" филиалдарының базасында өткізуге міндеттеп келді.