Қазақстан Президенті алтын, қорғасын, мырыш, темір, марганец және басқа да кен орындарының барына қарамастан, бізде әлі зерттелмеген ресурстар көп екенін айтып өтті.
ERNUR.KZ. Біріккен Араб Әмірліктері - Қазақстан туристері үшін тартымды елдердің бірі саналады. Бұл туралы БАӘ бизнес өкілдерімен кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өтті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Біріккен Араб Әмірліктері - Қазақстан туристері үшін ең тартымды бес елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 100 мыңға жуық қазақстандық осынау керемет елге келіп кетеді. Құрметті достар! Бұл туралы айта отырып, мына жайды атап өткім келеді: біз ынтымақтастығымызды ту етіп, алға жылжуымызға ықпал ететін үлкен әлеует барына сенімдіміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін де қос елде үлкен мүмкіндіктер барын атап өтті.
«Әмірліктер сияқты Қазақстан да - минералды ресурстар бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Сонымен бірге ел аумағының 25 пайызы ғана геологиялық тұрғыдан зерттелген. Қазақстанда 15 млн шөгінді бассейн және олардың 130 млн тонналық отын эквивалентіндегі қоры бар», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті алтын, қорғасын, мырыш, темір, марганец және басқа да кен орындарының барына қарамастан, бізде әлі зерттелмеген ресурстар көп екенін айтып өтті.
«Біз жақында Жер қойнауын пайдалану кодексіне түзету енгізіп, осы саладағы әкімшілік ресімдерді едәуір жеңілдеттік. Бұл бастамаларды халықаралық сарапшылар мен халықаралық қауымдастықтар қолдап отыр», - деп толықтырды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осының арқасында Қазақстан инвестициялық тартымдылық бойынша өз позициясын жақсарта түскен.
«Білімді, тәжірибені, қаржылық және кадрлық ресурстарды ескере отырып, біз БАӘ компаниялары Қазақстанның ресурстары мен жер қойнауын зерттеуге қатыса алады деп санаймыз», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.