"Мен келдім Қазақстаннан": 1989 жылғы "КСРО аруы" байқауының видеосы желіде қызу талқыға түсті

0
1 570

YouTube-та аталмыш сұлулық байқауының толық нұсқасын 16 мыңнан астам адам қараған.


ERNUR.KZ. "КСРО аруы - 1989" сұлулық байқауының видеосы Қазнетте қызу пікірталас тудырды, деп жазады nur.kz.

Әлеуметтік желілерде кеңес заманындағы сұлулық байқауынан үзінді келтірілген видео тарады. 1989 жылы түсірілген видео көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырып, сан түрлі пікірлер жинаған.

Желі қолданушыларының бірі кеңес заманындағы арулардың табиғи сұлулығына тәнті болса, енді бірі қазақ тілінің сол кездегі мүшкіл халіне налыған.



"Қыздар сүйкімді, қарапайым. Кеңес кезеңінде Мәскеудегі мұндай сахнада қазақ тілінде сөйлеудің өзі бір төбе болатын", "Сол уақытта қазақша мектептер де жоқ. Теміртаудан келдім деп тұр", - деп жазған пікір қалдырушылар.

PilotSu37 атымен тіркелген YouTube парақшасында аталмыш сұлулық байқауының толық нұсқасын 16 мыңнан астам адам қараған.

Видео авторының жазуынша, бұл 1989 жылдың 19 мамырында өткен КСРО-да алғашқы бүкілодақтық сұлулық байқауы. "КСРО аруы - 1989" байқауына үміткерлерді іріктеу екі ай бойы өткен екен, ал байқау алаңы ретінде "Россия" Мемлекеттік орталық концерт залы таңдалған.

Байқауда Мүслім Магомаев, Илья Глазунов, Ирина Скобцева, Леонид Якубович және Екатерина Максимова сынды белгілі мәдениет қайраткерлері қазылар алқасының мүшесі болған. Сұлулық байқауында 17 жастағы Юлия Суханова жеңіске жеткен.