Мешіттерді сүру мәселесіне байланысты мәлімдеме жасалды

0
1 161

БАҚ беттерінде Қазақстанда мектепке жақын орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпарат жарық көрген


Мешіттерді сүру мәселесіне байланысты мәлімдеме жасалды

ERNUR.KZ. Елімізде мектепке 300 метр жақын аумақта орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚР Қоғамдық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Атап айтсақ, БАҚ беттерінде жарық көрген Қазақстанда мектепке жақын орналасқан мешіттер сүріледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім Комитеті төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Балғабек Мырзаев хабарлады.

Оның айтуынша, елімізде 2018 жылғы сәуір айында 300 метр аумақта орналасқан барлық мешіттерді бұзатын ереже немесе діни ғимараттардың құрылысын регламенттейтін жаңа нормалар қабылданған жоқ.

«Осы жерде түсініспеушіліктің туындағаны анық. Қазіргі уақытта, қолданыстағы зағнамаларға мұқият үңіліп қарайтын болсақ БАҚ беттерінде жарияланған ақпараттың бір-бірінен алшақ кетіп жатқанын анықтауға болады. Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрінің 2017 жылғы 9 маусымдағы № 89 бұйрығымен бекітілген «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлардың, сондай-ақ ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлардың орналастырылуын айқындау жөніндегі» Нұсқаулықтың 7-тармағына сәйкес, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жай темір жол және автовокзалдарды, әуежайлар мен порттарды қоспағанда, осы Нұсқаулықтың 5-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген аумақтар мен ғимараттардан (оларға іргелес аумақтар болмаған жағдайда) 300 метрден кем емес қашықтықта орналастырылады деп көрсетілген», - деді Балғабек Мырзаев.

Айта кетейік, бұл талап сауда орталықтарының ішінде, әуежай, сапаржай және темір жол вокзалдарында орналасқан, діни құлшылықты орындауға арналған ғибадат ету бөлмелеріне қатысты.

Ал, мешіттер немесе басқа да діни бірлестіктерге тиесілі діни ғимараттар үшін жоғарыдағы талаптар қойылмайды. Жоғарыда айтылғандардың негізінде мешіттер немесе басқа діни ғимараттар сүріледі деп дүрлігуге ешқандай негіз жоқ екенін мәлімдейміз.