Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарна қымбаттады

0
932

Елімізде 11 миллионға жуық адам мемлекет тарапынан сақтандырылған.


Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төлейтін жарна қымбаттады

ERNUR.KZ. Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Жарна көлемінің өзгеруіне ең төменгі жалақы мөлшерінің өсуі түрткі болған. Биыл еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңгені құрайды.

Жарна төлеушілер бірнеше санатқа бөлінген. Біріншісі – мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты. Оған балалар, зейнеткерлер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, декретте отырған аналар, мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар, студенттер т.б. кіреді. Жеңілдік берілген халықтың жалпы саны 11 миллионға жетіп жығылады.

«Атап айтқанда, биыл жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлер үшін бұрынғыша, жалақының 3% мөлшерінде аударым жасайды.Төлемнің шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 25 500 теңгеден аспайды. Жұмыс беруші аударымды өз қалтасынан төлейді. Ал, жұмыскерлер жалақысынан 2% ұстап Қорға аударады. Жарнаның шекті мөлшері 10 ЕТЖ немесе 17 000 теңгеден аспауы тиіс», - деді Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.

Биыл мемлекеттің бір азаматқа төленетін жарнасы айына 5852,63 теңге болып өзгерді. Сақтандыру мәртебесі мен жарналарды азаматтар egov.kz электрондық үкімет сайты – «Медициналық қызметтерді тұтынушы ретінде қатысу туралы және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде аударымдардың немесе жарналардың аударылған сомалары туралы ақпарат беру» мемлекеттік қызметі және банк қосымшалары арқылы тексеріп, көре алады.

«Одан кейінгі санат – жеке кәсіпкерлер. Нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар да осы санатқа кіреді. Олар бұрынғыша 1,4 ЕТЖ-ның 5 процентін төлейді. Биыл ең төменгі жалақының өсуіне байланысты бұл сома 5950 теңгеге жетті. Азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша еңбек ететіндер сақтандыруға бұрынғыша табысының 2% аударады. Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Бұл азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылу үшін екі түрлі әдісті пайдаланса болады. Біріншісі – дербес төлеуші ретінде бір ЕТЖ-ның 5% немесе 4250 теңге төлеу. Екіншісі - жеке кәсіпкер ретінде тіркелу және жарналарды ЖК ретінде төлеу», - деді Тілеухан Әбілдаев.