Министр олигархтың Екібастұз ЖЭО-ны 1 теңгеге сату туралы ұсынысына пікір білдірді

0
480

Үкімет кулуарында журналистер Жұманғариннен олигарх Александр Клебановтың Екібастұз ЖЭО-ны мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысы жайлы сұрады.


Министр олигархтың Екібастұз ЖЭО-ны 1 теңгеге сату туралы ұсынысына пікір білдірді

ERNUR.KZ. Екібастұз ЖЭО-ны қазір мемлекет меншігіне алсақ, оның иесіне сыйлық жасағандай боламыз. Өйткені жылу орталығының қазіргі жағдайы мәз емес. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин айтты, деп жазады sputnik.kz.

Үкімет кулуарында журналистер Жұманғариннен олигарх Александр Клебановтың Екібастұз ЖЭО-ны мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысы жайлы сұрады.
"Мен ондай әңгімені естідім. Бірақ қазір мұны ЖЭО-ның жағдайына қарап зерттеу қажет. ЖЭО-ның өзіне, жылумен жабдықтау желілеріне қаншама қаражат керек. Ертең бүкіл жүктемені бюджет өзіне алып, ЖЭО-ны бір теңгеге сатып алса, ертең 1 миллиард теңге шығын болмасын", - деп жауап берді вице-премьер.
Ол ең алдымен Екібастұздағы апатты бірлесіп жою мәселесін қарастыру керек екенін айтты.
"Егер біз нысанды өзімізге алып, бүкіл қаражатты соған құйсақ, іс жүзінде меншік иесіне сыйлық жасағандай боламыз", - деді Жұманғарин.
Бұған дейін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров олигарх Александр Клебанов өзі бақылайтын Екібастұз жылу электр орталығын апатты күйде мемлекетке 1 теңгеге сатқысы келетінін мәлімдеді.
Депутаттың айтуынша, Екібастұз қаласының әкімшілінде өткен жиналыста бай бизнесмен осындай ұсыныс тастаған. 27 қарашаға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар істен шығып, тұрғындар қақаған аязда жылусыз қалды. Ертесіне қалада төтенше жағдай жарияланды.
Айта кетері, олигарх Александр Клебанов – "Екібастұзжылуэнергия" ЖШС құрылтайшысы.