СІМ қырғыз тарапын компанияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға шақырды.
Бүгін Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Руслан Казакбаевпен келіссөздері өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық, транзит-көліктік және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Қырғызстан ынтымақтастығы мәселелері бойынша пікір алмасты. Бұрын аса жоғары және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға бейілділік расталды.
Сыртқы саяси ведомстволарының басшылары 1997 жылғы 8 сәуірдегі Мәңгілік достық туралы және 2003 жылғы 25 желтоқсандағы Одақтастық қатынастар туралы шарттар рухында екі елдің стратегиялық әріптестігі мен көпжоспарлы ынтымақтастығын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Келіссөздер барысында М. Тілеуберді Қырғызстандағы қазақстандық кәсіпорындарға жасалған шабуыл фактілеріне жоғары алаңдаушылық білдіріп, қырғыз тарапын құқықтық тәртіпті және ҚР азаматтары мен компанияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға шақырды.
Министрлер халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады. Орталық Азия аймағында өңірлік кооперацияны дамытуда оң динамиканы сақтауға ерекше назар аударылды.
СІМ басшылары COVID-19 жаһандық пандемиясына қарсы бірлесіп іс-қимыл жасау мәселелерінде өзара әрекеттестік жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.