Республикалық бюджеттің шығысы 5 трлн 620 млрд теңгені құрады.
ERNUR.KZ. Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жылда қайталанатын мәселе жайлы мәлімдеме жасады. Ол бюджет қаражатын игере алмай жатқан министрліктер мен әкімдіктердің атын атап, түсін түстеді, деп жазады inbusiness.kz.
«Мемлекеттік бюджет шығыстары – 97,9%, республикалық – 98,9%, жергілікті бюджеттер – 97,2% атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары есептік кезеңде 5 трлн 620 млрд теңгені құрады. Бюджет қаражаты 61 млрд теңгеге атқарылмады. Оның 15 млрд теңгесі үнемдеу болды. Игерілмеген сома – 46 млрд теңге. Бюджет қаражатын игере алмай жатқан мемлекеттік органдар: Ұлттық экономика министрлігі – 7,3 млрд, Ішкі істер министрлігі – 6,4 млрд, Денсаулық сақтау министрлігі – 4,8 млрд, Жоғарғы сот – 4,5 млрд теңге, Қорғаныс министрлігі – 4,2 млрд теңге», – деді Ерұлан Жамаубаев.
Министр қаржының игерілмеуіне конкурстық рәсімдердің ұзақ және дер кезінде өткізілмеуі себеп болды дегенді алға тартты.
«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2 трлн 606 млрд теңгені құрады. 75 млрд теңге орындалмады. Өңірлерге 2 трлн 317 млрд теңге нысаналы трансферт қарастырылған. Алдын ала деректер бойынша, оған 671 млрд теңге бөлінді. Оның 96% немесе 643 млрд теңгесі игерілді. Орындалмаған сома - 28 млрд теңге. Оның 8 млрд теңгесі – бюджет қаражатын үнемдеу болса, ал 20 млрд теңге – игерілмеді», – деді аржы министрі.
Оның дерегінше, Алматы қаласы – 3,4 млрд, Батыс Қазақстан – 2,7 млрд, Павлодар – 2,6 млрд, Қызылорда – 2,4 млрд, Қарағанды – 2 млрд, Маңғыстау – 1,6 млрд, Ақмола және Түркістан облыстары – 0,9 млрд, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысы – 0,8 млрд теңге бюджет қаражатын ұқсата алмаған.