Митинг туралы заң жобасы неге карантинде қабылданғаны белгілі болды

0
925

Ел арасында осындай саяси маңызы бар заң жобасының неліктен елдегі төтенше жағдай мен ірі қалалардағы карантин режимі кезінде қабылданғаны наразылық тудырған болатын.


Митинг туралы заң жобасы неге карантинде қабылданғаны белгілі болды

ERNUR.KZ. Парламент Мәжілісінде "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заң жобасы неліктен карантин кезінде қабылданғаны белгілі болды, деп жазады baq.kz.

Ел арасында осындай саяси маңызы бар заң жобасының неліктен елдегі төтенше жағдай мен ірі қалалардағы карантин режимі кезінде қабылданғаны наразылық тудырған болатын. Өйткені Мәжілістегі талқылауға карантинге байланысты қоғам қайраткерлері, тілшілер қатыса алмады. Тек онлайн тамашалауға мәжбүр болды.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру туралы" заң жобасы 8 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында қабылданып, Сенатқа жіберілді. Осыған байланысты саясаттанушы Жанар Төлендинова өз пікірін білдірді.

Заң жобасы бойынша жұмыс ерекше карантиндік және оқшауланған жағдай кезінде жүргізілді. Соған қарамастан жұмыс тобының құрамына кірген қоғамдық белсенділер мен сарапшылардың пікірі бойынша, онлайн-талқылаулар сәтті өткен. Өздерінің ойларын ортаға салуға ешқандай қиындық болмаған. Бәлкім, бұл Қазақстанда алғаш рет цифрлық технологиялар кеңінен қолданылған заң жобасы шығар. Болашақта осы тәжірибені заң шығаруда қолданған жөн, - дейді Жанар Төлендинова.

Оның айтуынша, жобаның маңыздылығы мен өзектілігі оның талқылануы мен қабылдануының карантиннен кейінгі кезеңге ауыстырылмаған себебі бар.

Егер Мәжілісте талқылау кейінге қалса, онда бұл құжат биыл қабылданып үлгермейтін еді. Амал жоқ, 2021 жылға қалдыратын едік. Сосын еліміздегі азаматтық қоғам күздегі саяси маусымға ескірген 1995 жылы митингілер туралы ашық ескірген заңнамамен барар еді. Ал күзде саяси күштер парламенттік сайлау науқанына дайындықты жайлап бастайды. "Митингілер туралы" заң саяси қоғамдық кеңістікті реттейтін құжаттардың ең маңыздысы. Сондықтан жаңа заң жобасы бүгінге талаптарға сәйкес келуі керек, - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, бұл заң жобасы посткеңестік елдердің арасындағы ең либералды заң жобасы.

Бұл жердегі ең басты айырмашылық - жиналыстар мен бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру (хабарлау немесе рұқсат беру) қағидаттары және өтінімді беру мен қараудың соңғы мерзімін айтса болады. Мысалы, митинг немесе пикет өткізу үшін билікке бес күн бұрын хабарласа жеткілікті. Ал Ресейде кемі 10 күн бұрын өтініш беруге тиіссіз. Қырғызстанда 12 күн деп жазылған. Өзбекстанда мұндай заң жобасы алғаш рет өткен жылдың жазында талқылауға ұсынылды. Онда рұқсат алу үшін кемі 30 күн бұрын өтініш беру керек деп жазылған. Сонымен қатар, митингілер туралы заңнамада жоғарыда аталған елдердің ешқайсысында "бейбіт жиналыстар өткізу пайдасына презумпция қағидаттары деген ұғым жоқ. Ол жаңа заңның 3-бабында бекітілген (бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу принциптері бөлімінде), - дейді сарапшы.