Мүгедек балалары бар отбасыларға тегін баспана беріле ме?

0
1 196

Бұл мәселені талқылап жатқанымызға 1,5 жыл болды, дейді вице-министр.


Мүгедек балалары бар отбасыларға тегін баспана беріле ме?

ERNUR.KZ. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тегін үй берілмейді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Қайырбек Өскенбаев бүгінде министрлік мұндай балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға арнайы баспана кезегін беру мәселесін қарастырып жатқанын, ол арнайы заңмен реттелетінін жеткізді.


«Бұл мәселені талқылап жатқанымызға 1,5 жыл болды. Алдағы уақытта жаңа заң жобасы Мәжілісте қаралады. Оның ішінде осы мәселе де бар», - деді бірінші вице-министр ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.


Сондай-ақ Қайырбек Өскенбаев шешімін таппаған бірнеше мәселе барын ашық айтты.


«Мысалы, ерекше күтімді қажет ететін баланы өсіріп жатқан отбасылар «бізге үй тегін берілсе» дейді. Алайда үкімет тарапынан мүлде (тегін – автор) үй берілмейді. Біз үйді сатып алатын адам болса, оның жағдайына қарай 2-7% аралығында жеңілдік жасап, үйді алуға мүмкіндік береміз. Ал жағдайы жоқ адамдарға жалға берілетін үй береміз. Осылайша, үкімет тарапынан көмек көрсетіледі», - деді Қайырбек Өскенбаев.


Бірінші вице-министр мұндай отбасылар жағдайы түзелгенге дейін жалға берілетін үйде тұра алады. Алайда оған да талап қойылады.


«Оның да өз есебі бар. Мұндай жағдайда отбасының әр мүшесіне шаққанда сіздің табысыңыз күнкөріс деңгейінен төмен болуы керек», - деп түйіндеді сөзін басшы.