Мүгедектерді жұмыспен қамту квотасын орындамаған компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатыспайды

0
738

Қазақстанда шамамен 695 мың мүгедектігі бар адам тұрады.


Мүгедектерді жұмыспен қамту квотасын орындамаған компаниялар мемлекеттік сатып алуға қатыспайды

ERNUR.KZ. Мүгедектерді жұмыспен қамту квотасын орындамаған компанияларға мемлекеттік сатып алуларға қатысуға шектеу енгізіледі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Министрдің дерегінше, Қазақстанда шамамен 695 мың мүгедектігі бар адам тұрады. 2019 жылы мүгедектерді әлеуметтік қорғауға республикалық бюджеттен 323 млрд теңге бөлінді. 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедек баланың және 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектің күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 30 пайызға өсті. 292 мыңнан астам мүгедек немесе барлық мұқтаж адамдардың 70 пайызы оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, ол мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар аясында жұмыстар жүзеге асырылатынын айтты.

«Оны жүзеге асыру аясында Әлеуметтік қызметтер порталы кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Оның көмегімен азаматтар мемлекеттік сатып алусыз оңалтудың қажетті құралдары мен қызметтерін өз бетінше таңдай алады. Осы жылдан бастап портал арқылы жеке таңдауды қажет етпейтін техникалық оңалту құралының 24 түрін сатып алады. 2021 жылдан бастап техникалық оңалту құралының барлық 55 түрі қолжетімді болады. 2020 жылдың шілдесінен бастап жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының қызметтері мен санаторлық-курорттық емдеу қолжетімді болады. Сонымен қатар, биыл алғаш рет электр жетегі бар қазақстандық мүгедектер арбаларын шығару қолға алынады. Екінші тоқсаннан бастап біз алғашқы мүгедектер арбасын бере бастаймыз», – деді ол.

Оның айтуынша, алдағы екі жылдың ішіндегі Еңбек министрлігінің басты міндеті – мүгедектердің экономикалық белсенділігі үшін мүмкіндіктер жасау.

«Біз мүгедектігі бар адамдарды организм функцияларының бұзылу түрлеріне байланысты жұмысқа орналастыру жөніндегі ұсынымдармен кәсіптер атласын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Шет елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, биыл біз мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға өзгерістер енгізу туралы бастама көтерудеміз. Мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту квотасын орындамайтын ірі және орта компаниялар үшін мемлекеттік сатып алуларға қатысуды шектейтін норма енгізу ұсынылады. Сондай-ақ, Жапония мен Германия тәжірибесіне сүйене отырып, біз жұмыспен қамту квотасының орнына арнайы қорға өтемақы төлеуді енгізудің балама тетігін қарастырып жатырмыз. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында микрокредит және қайтарымсыз грант беру құралдары мүгедектігі бар адамдардың бизнес бастамаларына бағытталады», – деді Біржан Нұрымбетов.