Мұғалімге жұмысына негізсіз араласудан қорғану құқығы беріледі - Күләш Шәмшидинова

0
2 513

Бұл мәселе бойынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілуде.


Мұғалімге жұмысына негізсіз араласудан қорғану құқығы беріледі - Күләш Шәмшидинова

ERNUR.KZ. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова «Педагогтар мәртебесі туралы» заң жобасында қандай мәселелер еленіп, ескеріліп жатқанын айтып берді, деп жазады ҚазАқпарат.

««Педагогтар мәртебесі» туралы заң жобасында ең алдымен бірыңғай педагог түсінігі бар. Бүгінде педагог және оған теңестірілген тұлғалар деген түсінік барын білесіздер. Сол себепті, белгілі бір шығынды талап ететін бірыңғай түсінік енгізіліп жатыр. Себебі, базалық еңбекақының деңгейі әртүрлі. Сонымен бірге, еңбек демалысы бойынша бөлінетін ақшаның да деңгейі әрқалай. Сол себепті, бірыңғай педагог түсінігін енгізетін болсақ, барлығына бірдей жағдай жасалады», - дейді Күләш Шәмшидинова Үкіметтің баспасөз орталығында.

Министрдің айтуына қарағанда, заң бойынша педагогтың кәсіби құқығы, ұйымның қоғамдық өміріне атсалысу құқығы, кәсіби міндетін орындау жолындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету құқығы, педагогтың кәсіби жұмысына негізсіз араласу жағдайынан қорғану құқығы, ар-намысын қорғау құқығы берілгелі отыр.

«Бұл мәселе бойынша, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілуде. Егер жоғарыда аталған жағдайлар бойынша мұғалімнің құқығы бұзылатын болса, онда азамат жауапкершілікке тартылады. Мәселен, әлгі азаматқа біріншіден ескерту жарияланса, екіншіден айыппұ салынады. Айыппұлдың мөлшері басқа санаттағы тұлғаларға қолданылып жатқан тәжірибе бойынша айқындалады», - дейді министр.

Сонымен бірге министр мұғалімдерді көтермелеу тетіктері, оларды әлеуметтік кепілдіктер қарастырылып, педагогтардың мәртебесі де заңнан тыс қалмайтынын жеткізді.