Бұл елде мүгедектер еңбеккке жарамды болса, жұмысқа қабылдануы тиіс.
ERNUR.KZ. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолайлы жағдай жасаған әлемде біраз елдер бар. Бірақ көш басында Бразилия мемлекеті келеді, деп жазады 24.kz.
Халықаралық сарапшылардың пікірі осындай. Ондағы жергілікті үкімет әлеуметтік қолдауға жыл сайын бірнеше миллион реал бөліп отырады. Игі іске жеке компаниялар да жиі атсалысып тұрады. Толығырақ келесі бейнематериалда.
Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ең қолайлы ел Бразилия. Өйткені жергілікті билік әлеуметтік жобаларды барынша жүзеге асырып келеді. Үкімет жаяу жүргінші жолдары мен арнайы көліктер санын арттыру үшін қомақты қаржы бөледі.
Луиз Тарик Соарес, Бразилиа қаласының тұрғыны:
- Мүмкіндігім шектеулі жан ретінде айтарым, бізге жергілікті биліктің назар аударғаны маңызды. Өзгелер үшін масыл болмаған жақсы сезім. Арбаға таңылғандар үшін таяуда таксофондар пайда болды. Әлеуметтік зейнетақы көлемі өседі деп үміттенеміз.
Бұл елде мүгедектер еңбеккке жарамды болса, жұмысқа қабылдануы тиіс. Заң осындай. Сондай-ақ жұмыс берушінің болашақ қызметкерге қоятын сұрақтар тізімін де қысқартқан. Идан Родригес Да Силва, Бразилия сенатының қызметкері:
- Біз әр айда мемлекеттік және жеке компанияларды тексереміз. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қызметтегі жай-күйін бақылауға аламыз. Жұмыс беруші тарапынан қысымның бар-жоғын анықтаймыз. Туындаған мәселені қысқа уақыт аралығында шешуге тырысамыз. Мысал үшін жуырда фирмалардың бірін арнайы лифт орнатуға міндеттедік. Адамдардың физикалық мүмкіндігі әр түрлі, бірақ оларға жасалатын қолайлы жағдай бірдей болуы керек.
Бразилиядағы қоғамдық орындар яғни қонақ үй, стадион, мейрамханалар үшін де талаптар осындай. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де, 12 мүшесі сау азаматтар үшін де бұл үйреншікті әрі қалыпты жағдай. Ал мүгедектерді кәсіби тұрғыда дайындау, оларды медициналық тексеруден өткізіп, қажетті құралдарын алып беру тегін жүргізіледі. Барлық қаражат жергілікті бюджет пен қайырымдылық қорларынан бөлінеді.