"Мұндайға жол бермес еді" - Нұр-Сұлтандағы апаттан қаза болған жүргізушінің әріптестері

0
1 332

Нұр-Сұлтандағы ірі жол апатынан көз жұмған жүргізуші қаладағы №1 автобус паркінде жұмыс істеген.


ERNUR.KZ. Кеше 26 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында болған жантүршігерлік апаттан 2 адам көз жұмып, 27 жолаушы зардап шеккен еді. Қаза тапқан қоғамдық көлік жүргізушісі жұмыс істейтін елордалық №1 автобус паркінің қызметкерлері аталған оқиғаға қатысты өз пікірлерін айтты, деп жазады sputniknews.kz.

"Астана LRT" компаниясының баспасөз хатшысы Науат Азанбаеваның айтуынша, жол көлік-апатынан қаза тапқан жүргізуші №1 автобус паркіндегі қала сыртына қатынайтын №303 бағдарында жұмыс істеген.

"Қаза тапқан жүргізуші №1 автопаркте жұмыс істеген. Оның маршруты қала сыртына қатынайтын болған соң, ол "Шанхай" базарынан желіге шығады. Осы автопаркте заңды түрде қызмет еткен", - деді ол.

Қоғамдық көліктер автопарктен таңғы сағат 5:00 шамасында бағдарға шығады. Таңертең автобус жүргізушілері міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді. Олар қоғамдық көлікке отырмас бұрын міндетті түрде дәрігерлердің бақылауынан өтуі тиіс. Бірінші, қан қысымын тексертеді, екіншіден, қандағы ішімдік мөлшерін анықтау үшін алкотестрден өтеді. Жүргізушілердің қан қысымын тексеретін фельдшер Маржан Назымбекова күніне бірнеше адамға автобус жүргізуге рұқсат берілмейтінін атап өтті.

"Егер жүргізушінің қан қысымы 150-ден жоғары болса, бұл денсаулыққа өте қауіпті. Сондықтан ол жұмысқа жіберілмейді. Ал 120/130 жақсы көрсеткіш. Күніне бірнеше жүргізушінің қан қысымы жоғары болады. Олар автобусқа отыра алмайды және желіге шықпайды", - деді ол.

Автобус жүргізуші медициналық сынақтан өткен соң, оның көлігін техникалық бөлім қызметкерлері тексерістен өткізеді екен.

"Парктен шықпас бұрын қоғамдық көліктерді міндетті түрде тексереміз. Егер ақау табылса, жолаушыларға қызмет көрсетуге жіберілмейді. Автобусты жөндеуге жібереміз. Сондай-ақ, жүргізушілер медициналық тексерістен өтпесе, жұмысқа шыға алмайды", - дейді №1 автобус паркінің қызметкері Хасен Мұхамеджанов.

Медициналық және техникалық сынақтан сүрінбей өткен жүргізуші елордалық жолаушыларға қызмет көрсетуге кіріседі. Сонымен қатар, жол апатынан қаза тапқан жүргізушінің әріптестері қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. №1 автобус паркінің 61-ші бағытының жүргізушісі Нұржан Тұрлыбай жол апатына жүргізушінің денсаулығы себеп болды деп пайымдайды.

"Видеоны көрдік. Автобустың тежегіші дұрыс істемей қалды деп айта алмаймын. Тіпті, тежегіш істемей қалған күннің өзінде автобус жүргізушісі жанын аман сақтап қалу үшін көлікті оңға немеске солға бұрушы еді. Адамдар барлығын көріп тұрды ғой. Менің ойымша, автобус жүргізушісіне бірдеңе болған. Жайдан жай, жоғары жылдамдықпен автобусқа соғылмайды ғой", - деді ол.

Сонымен қатар автобус паркінің қызметкері жүргізушілердің жалақысы көтерілгенін, әрі ұйқысы қанып жүретінін атап өтті.

"Жұмысқа таңғы 4:30-да тұрамын. Бізді автопаркке қызметтік көлік алып келеді. Таңғы 6-дан түнгі 11-ге дейін маршрутта жұмыс істейміз. Осы жұмыста жүргеніме 10 жыл болды. Сондықтан организм үйренген. Мұндағы жүргізушілердің жалақысы 250 мың теңге", - деді Нұржан Тұрлыбай.

Қаладағы №36 бағдарда жұмыс істейтін автобус жүргізушісі Қаһарман Иманбаев қаза тапқан жүргізушінің өте тәжірибелі екенін атап өтті.

"Әлеуметтік желідегі видеоны көрдім. Автобуста техникалық ақау болуы мүмкін емес. Себебі, оны мамандар парктен тексеріп шығарады. Менің ойымша, жүргізушінің жүрегі тоқтап қалды ма, әйтеуір бірнәрсенің денсаулығына әсер еткені анық. Әйтпесе, кәсіби деңгейі жоғары, тәжірибесі мол жүргізуші ғой. Ол мұндайға жол бермес еді. Жолдағы жағдайды алдын ала біліп отырады ғой", - дейді №1 автобус паркінің қызметкері.

Сонымен қатар ол "автобус жүргізушілерінің ұйқысы қанбай жұмысқа шығады" дегенге өз пікірін білдірді.

"Бүгін таңғы 5-те тұрдым, кешкі 9:30-ға дейін автобус жүргіземін. Жанымда көмекшім болса, жұмыс ауыр емес. Бірақ ол болмаған кезде 2-3 күн жұмыс істеймін. Автобус жүргізгеніме 10 жыл болды. Егер шаршайтын болсам, басшылықтан демалыс сұраймын. Бүгін 6 сағат ұйықтадым, - дейді Қаһарман Иманбаев.

№1 автобус паркінің №18 маршурт жүргізушісі Жолданғар Мағзұмов жолда өте сабырлы болу қажет екенін айтты. Автобус жүргізгеніне 18 жыл болған жүргізушінің пікірінше, бұл жол апатының алдын алуға септігін тигізеді.

"Біздің жұмыста өте сабырлы болу керек, әрі ештеңеге ренжімеген абзал. Сондай-ақ денсаулығыңды да күтіп жүрген жөн. Қайғылы оқиғаның видеосын барлығы көрді. Жол апатының неден болғанын бір Алла біледі", - деп түйіндеді сөзін тәжірибелі жүргізуші.

"Астана LRT" компаниясының мәліметіне сәйкес, қалада бүгінде 8 автобус паркі бар екен. Онда жалпы 1694 автобус жүргізушісі жұмыс істейді. Айта кетсек, кеше Нұр-Сұлтан қаласында 3 автобус, жедел жәрдем көлігі және жеңіл көлік жантүршігерлік апатқа ұшырады. Салдарынан 53 жастағы автобус жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушы қыз қаза тауып, 27 адам зардап шекті.