"Мынау, жоқтан бар ғой...": Оқулық жетпей қалса, базарға жүгірмеңіз!

0
1 883

Видеода электронды оқулықты қалай қарап, көшірудің барлық жолы тәмпіштеп түсіндіріледі.


ERNUR.KZ. Еліміздің кейбір өңірлерінде, әсіресе ірі мегаполиске жақын орналасқан елді-мекендерде жаңа оқу жылында оқулық тапшылығы жаппай белең алуда. Оның оңтайлы шешімінің видеосы әлеуметтік желіде пайда болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Айта кетсек, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кейбір мектептерде оқулық жетіспеушілігі оқу жылының басында орын алу ықтималдылығы жоғары екенін болжап, жазда ескерткен. Дегенмен бұл ретте елді дүрлікпеуге алдын ала шақырған министр бұл мәселенің І-тоқсан ішінде шешілетінін де айтқан.

"Қазақстандағы барлық оқушының санына қарай оқулық басып шығарылады. Демек, оқу жетіспеушілігі мәселесі бізде жоқ. Дегенмен ауыс-түйістерге байланысты бір мектептерде бала азайып, бір мектептерде бала көбейіп жатады. Бұл – қалыпты құбылыс. Осыған байланысты бала көп мектепте оқулық жетіспеушілігі жаңа оқу жылының басында орын алуы мүмкін. Бірақ біз оқулық артылған мектептерден кітапты алдыртып, бұл мәселені бір айдың ішінде шешуге тырысамыз", - деген еді министр.

Ал бір ай ішінде оқулықсыз бала не істейді? Оның жөнін министрлік бұған дейін түсіндірмеген еді. Ал баланың біліміне алаңдаулы оқулықсыз қалған ата-аналар, әрине базарға ағылуда. Сөйтсек бір ай амалдай тұрсақ, оқулықты сатып алудың қажеті де жоқ екен, негізі. Ал мына видеода Білім министрлігінің сайтына еніп, электронды оқулықтан керек жерін қарап, тіпті көшіріп алуға толықтай мүмкіндік бар екен. Оның бәрі видеода тәмпіштеп түсіндіріледі.

Айта кетсек, бұл видеоны кеше "Алматы облысында оқулық жетіспей жатыр" деп мәселе көтерген ата-ана редакциямызға ват-сап арқылы жолдады. Демек, мәселе шешіміне құзырлы орган дер кезінде көңіл аударуда.