"Гитлер - фашист емес" деген журналист, қоғам белсендісі өмірден озды

0
3 632

Нағашыбай Есмырза сотқа оралмандар мәселесін көтеріп жүрген Серікжан Біләшті қолдауға келген.


ERNUR.KZ. Бүгін Алматы қалалық сотында қоғам белсендісі, тарихшы Нағашыбай Есмырзаның жүрек талмасы ұстап, көз жұмды. Жақында ғана ол 57 жасқа толған еді. Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Нағашыбай Есмырзаның бүгін сот залында болғанын, оны жедел жәрдем көлігі алып кеткенін растады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Ол кісі бүгін сотқа келген. Өзін жайсыз сезінгендіктен, жедел жәрдемді шақырдық. Жедел жәрдем көлігі алып кетті", - деді Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Диас Махамбет..

Ал жедел жәрдемдегілер Нағашыбай Есмырзаның ауруханаға жетпей көз жұмғанын айтты.

"Қоңырау түсе салысымен біз ол араға дереу жеттік. Ол кісінің жағдайы өте ауыр болды. Миокард инфаркті, кардиогенді шок диагнозымен алып кеттік. Науқас клиникалық өлім жағдайында болды. Қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Бірақ ауруханаға жеткенше 8 минут аралығында ол "жүріп" кетті", - деді Алматы қалалық жедел медициналық көмек стансасы бас дәрігерінің орынбасары Шайхидин Бадиров.

Осы сотқа қатысып, қайғылы оқиғаның куәгері болған журналист Жолымбет Мәкіш фейсбуктегі парақшасында былай деп жазды:

"Атажұрт еріктілерінің" сотына қатысу үшін таңертең он кезінде Алматы қалалық сотына барғанмын. 15 минуттай ерте барыппын. Залда отырсам, Нағашыбай марқұм жанымдағы адамдармен амандасып жатыр екен. Көрмегелі көп болған. Аман-саулық сұрасып, екеуіміз орындыққа жайғаса қалдық.

Баяғыдай емес, арақ-шарапты қойғанын, қазір қымыз бен шұбат ішіп жүргенін айтты. Ағамның онысына риза болып, әңгімеміз енді қыза бергенде, басын ұстай қалды. "Басым әкетіп барады" деді де, сәлден кейін бір жағына қарай қисайып, сұлқ ете түсті. Сот жайына қалды. Тастап кететін емес. Зал у-шу. Біреу "скорый" шақырып, енді бір кісілер ағамызды екі жақтап жерге жатқызып жатыр. Жедел жәрдем де көп күттірген жоқ, он минут өтті ме, өтпеді ме, зу етіп келе қалды да, бірден дем салып, жұмыстарына кірісті".

Айта кетсек, Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот "Атажұрт еріктілері" ұйымының басшысы Серікжан Біләшқа 252 мың теңге көлемінде айыппұл салған болатын. Оған "Тіркелмеген ұйымды басқарып, оған қатысты" деген айып тағылды. Алайда Серікжан Біләш соттың бұл шешімімен келіспейтінін, аппеляциялық шағым түсіретінін мәлім еткен еді.

Серікжан Біләш және оның қолдаушылары Қытайда туыстарын күштеп ұстап отырған оралмандардың жайын қозғап, Алматыда бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізген болатын.

Редакция атынан марқұмның отбасы мен туыстарына қайғырып көңіл айтамыз!