​НАЗАРБАЕВ: Көпбалалы отбасылар 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет

0
4 466

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.


​НАЗАРБАЕВ: Көпбалалы отбасылар 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет

Бүгін Елбасының төрағалығымен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Жиынға Премьер-Министр А.Мамин, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Исекешев және Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова қатысты.

Кеңесті ашқан Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған шараларды сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

– «Нұр Отан» партиясының жақында өткен съезінде әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырдық. Мен тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынған болатынмын. Біз бүгін соларды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын жан-жақты талқылаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Басқосуда Мемлекет басшысына Үкіметтің жүктелген міндеттерді орындау, соның ішінде әлеуметтік саясаттың жүзеге асырылуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс жоспары таныстырылды.

Жиынға қатысушылардың баяндамасын тыңдаған соң, Елбасы халықтың көмекке мұқтаж санатына жататындардың бәріне әлеуметтік жәрдем беру қажет екенін айтты.

– Әлеуметтік тұрғыдан тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға бөлінетін қаражат салық түсімі есебінен құралатынын түсінген жөн. Сондықтан, мемлекеттің тиісті тепе-теңдікті сақтай отырып, көмекке аса мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсететінін баршаға түсіндіру керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылар мемлекеттің қамқорлығын жақын арада сезінуге тиіс екенін атап өтті.

– Көмекке аса мұқтаж және көп балалы отбасылар биылғы 1 сәуірден кешікпей әлеуметтік көмек алуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.