«Жәрдем» бағдарламасы бойынша білім алған олар енді өз кәсібін ашуды көздеп отыр.
ERNUR.KZ. Nur Otan партиясы бала бағумен үйде отырған келіншектерді 2 апталық курстан тегін өткізіп, олардың кәсіп ашуларына мүмкіндік жасаған, деп жазады 24.kz.
Оқуды бітірген аналарға арнайы сертификат пен тігін машинасы сыйға тартылды. Әсел Сомтемірова бұл орталыққа осыдан 2 апта бұрын келген. Үйдегі шаруаның тінін ширатып жүрген келіншек енді тігіншілікпен айналыспақ. Сегіз баласы бар. Жеке кәсібін ашса, қосымша табыс табуына мүмкіндік туады.
"Тегін оқу оқып, білім алдық. Екі аптада үйрендік. Юбка тіктік. Қаптар тіктік. Көп балалы аналарға осылай көмек көрсетіп жатқан Nur Otan партиясына алғысым шексіз" - дейді көп балалы ана Әсел Сомтемірова.
Бас партияның бастамасымен Әсел сынды 18 көп балалы ана осы орталықта тегін оқыған. «Жәрдем» бағдарламасы бойынша білім алған олар енді өз кәсібін ашуды көздеп отыр. Орталыққа келіп машықтарын жетілдірген аналарға сертификат берілді, әрбіріне Тұңғыш Презиент қоры тігін машинасын сыйға тартты.
"Тегін оқу курсына көп балалы аналарды арнайы іріктеп алдық. Олар үйде отырып-ақ табыс табуға мүмкіндік алуы керек. Орталықта білім алғандардың кейбірі бірлесіп, шағын тігін цехын ашамыз деп отыр. Олардың кәсібін дөңгелету үшін партия тарапынан көмек көрсетіледі" - дейді Динара Закиева, Nur Otan партиясы Әйелдердің құқығын қорғау республикалық кеңесі төрағасының орынбасары.
Көп балалы аналарды ісмерлікке үйреткен фабрика басшылығы: «жұмысқа орналасқысы келгендерді қуана қызметке қабылдаймыз», – дейді.
«Жәрдем» бағдарламасы бойынша жыл соңына дейін ұзын-ырғасы 600 адамды тігіншілікке баулу көзделіп отыр. Алдағы уақытта өзге өңірлердегі келіншектерге де осындай мүмкіндік қарастырылмақшы.