Нұр-Сұлтан әкімдігі қаңғып жүрген ит пен мысықты асырауға 120 миллион теңге жұмсайды

0
1 186

«Астана ветеринарлық қызмет» мекемесі мамандарының айтуынша, жүздеген иттің тәуліктік азығы үш қап жем.


Нұр-Сұлтан әкімдігі қаңғып жүрген ит пен мысықты асырауға 120 миллион теңге жұмсайды

ERNUR.KZ. Биыл елорда әкімдігі иесіз қаңғып жүрген ит пен мысықты аулап, асырауға 120 миллион теңге жұмсамақ, деп 24.kz.

Ауыз толтырып айтарлықтай сома. Осынша қаржыны кім, қайда, қалай жұмсайды деген сұрақты біздің арна тілшілері анықтауға тырысты.

Камера мен микрафон ұстап төтеннен келген тілшілерді «Астана ветериналық қызметінің» мамандары мекеме аумағына кіргізбеді. Жөндеу жүріп жатыр деген сылтауды желеу етіп, арнайы пресс-турға шақырамыз деп арқамыздан қақты. Амалсыз сырттай сығаладық. Мәліметке қарағанда, 300 хайуанға арналған мына алаңқайда бүгінде 700 салпаң құлақ бар.

«Негізінде бөлінген қаржыны жүйелі жарататын болса, 300 емес, 700 итті де жеке үйшікте ұстауға болар еді. Сондай-ақ мына аумақты уақытылы тазалап, ит пен мысықтың тамағы мен суына жеткізуге болады. Аштан бұралған бұралқы иттерді тамақтандыру үшін күніне 4-5 қап жарма сатып аламыз. Салмағы шамамен 100 келідей болады. Оған қоса, дүкендерден еті сылынған құр сүйекті әкеліп, жарма қосып қайнатамыз. Осылайша, тәулігіне 700 литр ботқа істеп береміз», - дейді еріктілер қозғалысының жетекшісі Юлия Педченко.

«Астана ветеринарлық қызмет» мекемесі мамандарының айтуынша, жүздеген иттің тәуліктік азығы үш қап жем. Дегенмен, еріктілер қамаудағы ит-мысық біздің арқамыза арам қатпай жүр дейді. Себебі қаңғыбас иттерге тамақ алу үшін қалталарынан ақша шығарады.

Еліміздің азаматтық кодексі бойынша иесіз мүлікке екі ай ішінде ешкім қол сұға алмайды. Бұл заң қаңғыбас иттерге де қатысты. Сондықтан қараусыз көше кезіп жүрген ит-мысық мұнда 60 күн қамауда болады. Осы аралықта иесі табылмаса, ары қарайғы тағдыры шешіледі.

«Мекеменің ауласына басып кіріп, үш итті көз алдымызда атып тастады. Біз оларды күнде тамақтандырып, тіпті үйшік салып берген едік. Олар бізге үйреніп, нысанды күзетіп жүрген болатын. Алайда «Астана ветеринарлық қызметі» мамандарына оларды жайратып салып, бөлінген ақшаны қалтаға басу тиімді болды деп ойлаймын», - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Екатерина Соколова.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдерде бұралқы ит пен мысықты бақылайтын, заң тұрғысынан қорғайтын және атқарушы органдар бар. Әрқайсы өз қызметіне жауаппен қарайды. Егер бізде де қаңғыбас хайуандарды аулау мен асырау мәселесін жүйелі жолға салмаса, бұралқы ит пен мысықтың көбеймесе, кемімейтіні белгілі.