Нұр-Сұлтан әкімдігі "халыққа у шашты" деп дабыл қаққан бейнежазбаға пікір білдірді

0
481

Видеода ер адам түнгі уақытта дәрі шашып жүрген жұмысшыларға «халыққа у шашып жүрсіңдер» деп ұрысады.


Нұр-Сұлтан әкімдігі

ERNUR.KZ. Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желідегі «халыққа у шашты» деп дабыл қаққан бейнежазбаға түсініктеме берді, деп жазады ҚазАқпарат.

Видеода ер адам түнгі уақытта дәрі шашып жүрген жұмысшыларға «халыққа у шашып жүрсіңдер» деп ұрысады.


«Видеода маса мен шыбын-шіркейді улау сәті түсірілген. «Елордалық дезинфекция» ЖШС дезинсекциялық жұмысты Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасымен бірлесіп жүргізіп жатыр. Бұл ретте дезинсекторлар адам, жануар және өсімдік үшін қауіпсіз ерітіндіні қолданады. Жұмыстар түнгі және таңғы уақытта жүргізіледі. Айта кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылған», - деп жауап берді астана әкімдігі.

Айта кетейік, ашық стациялардағы дезинсекциялық іс-шаралар елорданың орталығынан бастап, шеткі аймақтарға дейін жүргізіледі.

«Қаланың шет аймақтарынан масалар мен шіркейлердің жаппай ұшып келуіне жол бермеу мақсатында елорда маңындағы қорғаныс тосқауылдары тұрақты негізде жүргізіледі. Өңдеу жұмыстары мамандандырылған дезинфекциялық машиналар мен термогенераторлардың көмегімен, хлорпирифос және малатион белсенді затымен ФОҚ (фосфор органикалық қосылыстар) класының инсектицидтік препараттарын қолдану арқылы жүзеге асырылады», - деп хабарлады әкімдік.