Нұр-Сұлтанда 21 жастағы әскери қызметші мерт болды

0
1 091

«Айбын» полкінің кіші сержантын жанындағы әріптесі атып тастаған.


Нұр-Сұлтанда 21 жастағы әскери қызметші мерт болды

Нұр-Сұлтанда 21 жастағы әскери қызметші мерт болды. «Айбын» полкінің әскери бөлімінде келісімшарт негізінде жұмыс істеп жүрген Дархан Мәлікті жанындағы әріптесі атып тастаған. Күдікті кінәсін өзі мойындаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Almaty.tv-ның хабарлауынша, туған-туысқандары болса, азаматтың айдың аманында көз жұмғанына басқа себеп болуы мүмкін деп отыр. Әскери қызметші Дархан Мәліктің жақындары бөлім басшылығы айтып отырған өлім себебіне сенбейді.

«Мүмкін, олар далада атысып жатқанда болған шығар, бұл жағдай? Неше түрлі ойлар келіп тұр қазір. Айналдырған екі бала неге мылтық алып, ол екеуі ғана асханаға кіреді? Үп-үлкен жігіттер ғой. Бірінші күні ұстап тұрған жоқ қой тапаншаны?» – деді марқұмның әпкесі Раушан Акишева.

Оқиға кеше таңертең сағат 8.30 шамасында болған. Елордадан 60 шақырым жерде орналасқан әскери полигонда кезекшілікке түскен ол жанындағы серіктесімен бірге асханаға тамақ ішуге барыпты. Полк басшылығының айтуынша, олар өзара әзілдесіп, ойнап, әріптесі қауіпсіздікті сақтамай тапаншамен атып салған.

«Араларында не болғанын білмеймін, екінші жігіттің айтуы бойынша, олар бір-бірімен ойнай бастаған... Өзі мойындап отыр. Қалай атып қойғанын өзі де білмейді. Камера жоқ. Палатка», – деді №0112 әскери бөлімі айрықша мақсаттағы күштер қолбасшысының орынбасары Ерлан Жарқынбаев.

Ал ата-анасы болса, Дарханның өлімі туралы хабарды командирлері телефонмен естірткенде бірнеше себеп айтқан деп егіліп отыр.

«Маған берген ақпараты әртүрлі болып тұр. Таңертең өзінің автоматы атылып кетті деп айтты. Содан болған... Содан 1 сағат өткеннен кейін хабарласып едім, асханада болған жағдай деді. Жаңа сүйекті алып келе жатқан офицерлер қоқысты алып шыққан, сол жерде екеуі ойнаған деді», – дейді марқұмның әкесі Амангелді Шөкеев.

Қайтыс болған әскери қызметші Қостанай облысының тумасы. Осы жылдың наурыз айында ғана шаңырақ көтеріпті. Жақындарының айтуынша, келіншегі жүкті.

Дархан Мәлік Президенттік «Айбын» полкінің №0112 әскери бөлімінде 3 жыл қызмет еткен. Оның туыстары ол бала кезінен әскери болуды армандағанын айтады. Тіпті колледжде білім алып жүріп Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп қалған. Кейін келген соң осында әскери қызметке орналасқан. Бөлім басшылары ол міндетін мінсіз атқарды деп отыр.

"Абайсызда атып алды" деген азамат Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Ол қазір тергеу изоляторына қамалған. Ал әскери бөлім басшылығы мерт болған Дархан Мәліктің туыстарына көмек көрсетілетінін жеткізді.