Нұр-Сұлтанда кәсіпкерді ұрған көпбалалы аналарға қатысты сот үкімі шықты

0
609

Әйелдердің әрекеті бейнежазбалармен дәлелденіп отыр.


Нұр-Сұлтанда кәсіпкерді ұрған көпбалалы аналарға қатысты сот үкімі шықты

ERNUR.KZ. Сарыарқа ауданының 2 соты көпбалалы аналарға қатысты қылмыстық істі қарады. Олар әкімдік ғимаратында кәсіпкерді соққыға жыққаны үшін айыпталды, деп жазады sputnik.kz.

Тергеу материалдарына сәйкес, 27 шілде күні үш әйел әкімдік ғимаратында жиналысқа келген кәсіпкерді соққыға жыққан. Үшеуі де оны танымайды. Соған қарамастан, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, ер адамды ұрып кетті.
Сараптама қорытындысына сәйкес, М. есімді азамат бастан жарақат алған, оң қолы көгеріп кетті. Сол қолына да зақым тиген. Тергеушілер ер адамның денсаулығына жеңіл зиян келді деген шешімге келді.
Бұдан бөлек, шу шығарған әйелдер әкімдік ғимаратына кіретін жолды жауып тастап, қызметкерлер мен азаматтардың жүріп-тұруына бөгет жасаған. Осылайша, жергілікті атқарушы органның қалыпты жұмысына кедергі келтірген.
Әйелдердің әрекеті бейнежазбалармен дәлелденіп отыр. Сот-медициналық сараптама бар. Куәгерлер де бәрін растады.
Сотта жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Ал жазаны жеңілдетуге негіз болатын бір мәселе бар. Жауапқа тартылған әйелдерді кәмелет жасқа толмаған балалары бар.
Үш әйел де бұрын сотталмаған. Осы жолы Қылмыстық кодекстің 293-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы (Бұзақылық, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған әрекет) бойынша жауапқа тартылып, 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Үшеуі пробациялық бақылауға алынады.
Бұдан бөлек, 3 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынған. Бұқаралық ақпарат құралдары мен телекоммуникациялық желілерді қолдануға рұқсат жоқ. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.