Мұны еш уақытта тісімнен шығармаған едім.
фото: tengrinews.kz
ERNUR.KZ.Таяуда ғана «Хабар» телеарнасында "Назначенный временем" деп аталатын деректі фильм көрсетілген болатын, деп жазады inform.kz.
Танымал ресейлік кинорежиссер Радик Кудояров түсірген 2 сериалы фильмде Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалыптасу жолдары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекетін құрудағы басты рөлі жайында кеңінен сөз қозғайды.
Деректі фильм КСРО-ның соңғы әрі тұңғыш президенті Михаил Горбачевтің кеңестік империя күйреп, оның орнына тәуелсіз 15 мемлекет құрылуына және олардың одан ары дамудың даңғыл жолына түсіп, өзге елдермен терезесі тең мемлекет болып ел болып қалыптасуына шәк келтірген сөздерімен басталады. Одан ары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақ елін қалай құрғаны, Ыстанбұл саммитінен кейін 11 жыл бойы тоқырауға ұшыраған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихын саммитін елорда төрінде өткізгендігі, Ресей мен Украина арасындағы дағдарысты реттеу ісіне қалай араласқаны жан-жақты баяндалады.
Фильм барысында Нұрсұлтан Назарбаев балалық шағына, арманына, тауды қалай жақсы көретіндігіне, сол кезеңдегі бастан кешірген қиындықтарына кеңінен тоқталады. Ашқұрсақ, жыртық киім киіп жүрсе де балалық шағының бақытты болғанын баса айтады.
«Бала кезімнен арманшыл болдым, алдымда үлкен дүниелердің күтіп тұрғанын сезетінмін. Мұндай сезім жанымда үнемі болатын. Оның қайдан келгенін де білмеймін. Әжем болатын, ол мені өте жақсы көретін. Анда-санда көрген түсін айтып беретін. Ол бірде түсінде менің жалғыз ақбоз атқа мініп тауға шығып бара жатқанымды көріпті. Таудың ортасына жеткенімде тоқтаппын. «Тоқтама, жүре бер, шыңның басына шық», деп айтқан екен. Мен алдыға қарай жүріп, таудың шыңына шығыппын. Сол кезде әжем: «сенің тағдырың да сонда, болады, биік шыңдарды бағындырасың» деген еді», - деп еске алады Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев фильм барысында бұған дейін ешкімге айтпаған сырымен де бөлісті.
«Политехникалық институттың студенті болып жүрген кезімде айнаға қарап тұрып, «сен халқың үшін бір нәрсе істеуің қажет» деп айтатынмын. Мұны еш уақытта тісімнен шығармаған едім, бүгін бірінші рет айтып отырмын. Сондай да жайт болды», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысы домбыра тартқан адамды жақсы көретіндігін, музыканы құлай сүйетіндігін де атап өтеді. Анасының ән салып, әкесінің жанынан өлең шығарғанын еске алады.
Фильм барысында ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресей және Қытай Халық Республикасымен арадағы шекара мәселесінің қалай толығымен шешілгендігін де айтып береді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай басшылығымен даулы аймақтарға қатысты мәселелерді қалай оңтайлы шеше алғандығына тоқталады.
«Біздің Сыртқы істер министрлігімізде даулы территорияларға арналған 34 том тарихи картографиялық материалдар болды. Сондықтан да Қытай Халық Республикасы мен Тәуелсіз Қазақстан арасындағы шекаралық келіссөздер бос жерден басталған жоқ. Территориялық жол беру туралы сөз де қозғалуы мүмкін емес еді. Біз барлық тарихи материалдарды тыңғылықты қарап шықтық», - деді ол.
Сонымен қатар фильмде Ресей, Қытай, Жапония, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Голландия, Израиль, Испания, Франция, Италия және Швейцарияның дипломатиялық миссияларының көшбасшылары мен өкілдерінің пікірлері де берілген.