Куәгерлердің айтуынша, жанжал "армрестлинг" ойнынан басталған. Жәбірленуші екі жерден пышақ жарақатын алды.
ERNUR.KZ. Алматы облысында бірнеше жігіт арасындағы қол күрестің соңы жанжалмен аяқталды. Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Ұйғыр ауданы полициясына 26 жастағы азаматтың пышақ жарақатын алып, ауруханаға түскені туралы хабарлама келген, деп жазады sputnik.kz.
Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды.
"Жедел-іздестіру шаралары барысында күдікті ретінде Алматы қаласының 39 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Жәбірленушінің күдікті және басқа да таныстарымен бірген ішімдік ішкені белгілі болды. Содан кейін арада жанжал шығып, азамат П. жәбірленушіге ас үй пышағын екі рет сұғып алған", - деді Ұйғыр аудандық полиция басқармасының бастығы Игорь Калмаков.
Куәгерлердің айтуынша, жанжал "армрестлинг" ойнынан басталған.
Күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға орнынан алынған пышақ қылмыс құралы ретінде іс материалдарына қосылды.