Астанада коронавирус жұқтырған 43 бала инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ.
ERNUR.KZ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Рүстемова оқушылардың ата-анасына үндеу жолдады, деп жазады sputnik.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, астанада коронавирус жұқтырған 43 бала инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Жансақтау бөлімінде жатқандар жоқ. Ал жыл басынан бері 10 мыңнан астам баладан коронавирус инфекциясы анықталды.
"Әсіресе, жазда балалар арасында вирусты жұқтыру жағдайлары көбейген. Маусым айынан бастап ауруханаға түскендердің симптомдары анық болды. Соның ішінде интоксикация, қалтырау, жоғары температура, қабыну сияқты белгілер бар", - деді Рүстемова әкімдікте өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, ауруханаға түскен балалардың барлығы вирусты үлкендерден жұқтырған. Осыған байланысты денсаулық сақтау басқармасы ата-аналарды барынша сақ болуға үндеді.
"Құрметті азаматтар, әсіресе, оқушылардың ата-анасы жазда болған жағдай қайталанбасын десек, өз денсаулығыңызға және айналадағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды сұраймыз. Жаңа оқу жылы басталды. Оқушылар мен студенттер дәстүрлі форматқа қайта оралды. Әрине, бәріміз үшін бұл – жақсы жаңалық. Алайда білім беру мекемелерінде балалар мен жасөспірімдердің вирусты жұқтыру жағдайларына және тағы карантинге тап болғымыз келмейді", - деді Рүстемова.
Осы орайда басқарма басшысының міндетін атқарушы вирусты тоқтатудың бірден-бір жолы вакциналау екенін ерекше атап өтті.