Марқұм әпкесімен тұрыпты.
иллюстрациялық фото
Алматыда 18 жастағы жігіттің 10-қабаттың балконына асылып өлуіне отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін. Өйткені ол өзіне қол жұмсамас бұрын пәтерде әлдекімдермен дауыс көтеріп ұрсысып жатқанын көршілері естіген, деп хабарлайды “КТК” арнасына сілтеме жасап.
Студент жалдамалы пәтерде әпкесімен тұрыпты. Қазір полицейлер оқиғаның ақ-қарасын анықтауда.
Қайғылы жағдай "Алтынсарин" тұрғын үй кешенінде болған. Бозбаланың мойнына арқан байланып, жансыз салбырап тұрған денесін тұрғындар видеоға түсіріп алыпты.
Олардың айтуынша, 18 жасар жігіт өзіне қол жұмсамас бұрын бірнеше рет "секіремін, өлемін" деп жан дауысы шығып айқайлаған. Алайда бұған көршілері аса мән бермеген көрінеді. Арқанға байланып тұрған жансыз денені көрген кезде ғана полицей шақыртыпты.
“Кеше мен сабақ оқып отырғанмын. Тереземіз ашық болды. Біреу алғашында "секіремін" деді. Сосын "асылып өлемін" деп айқайлағанын естідім. Басында қалжыңдап жатыр деп ойладым. Асулы тұрған денені көрген кезде шошып кеттім. Қатты қорықтым”, – дейді көршілерінің бірі Эмран.
Болжам бойынша ол 10-қабатта арқанды байлап, мойнына іліп балконда тұрған. Үй ішіндегі жанжал тоқтамаған соң секіріп кеткен сыңайлы. Өйткені көршілер бұл маңда айқай мен ұрыс-керістің жиі естілетінін айтады.
Марқұм әпкесімен тұрыпты. Бұл тұрғын үй кешені жақында ғана пайдалануға берілген. Тұрғындар әлі толық қоныстанбаған. Пәтерлердің көбісі жабық тұр. Ал мұнда баспана жалдап тұрып жатқандардың басым көпшілігі студенттер болғандықтан, көршілер бір-бірін аса танымайды екен.
Полицейлер өзін-өзі өлтіру бабы бойынша тергеу амалдарын бастап кетті. Ал жас жігіттің суицид жасауына отбасылық жанжал себеп деген ақпарат тексеріліп жатыр.
“Аталмыш дерек бойынша қазір Әуезов ауданы полиция басқармасында ҚК 105-бабының нормасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті. Болған оқиғаның толық мән-жәйы және осы әрекетке итермелеген себеп-салдары анықталады. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды”, – дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Еске салсақ, осыған дейін Алматыда жас жігіттің мәйіті табылғаны туралы жазған болатынбыз.