«Өлген адамға жалақы аударған»: білім беру саласында қандай жемқорлық жасалды

0
453

Ең көп ақша ұрлаған өңірлер белгілі болды.


«Өлген адамға жалақы аударған»: білім беру саласында қандай жемқорлық жасалды

ERNUR.KZ. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ресми өкілі Данияр Бигайдаров Антикордың брифингі барысында білім саласындағы жемқорлық жайлы айтты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Білім беру саласында еңбекақы төлеуге қатысты қаражат жымқыру бойынша тұрақты схемалар әшкереленген. Бухгалтерлер, мектептік есеп жүйелері, ұлттық білім беру базасы мен қазынашылық интеграциясының жоқтығын пайдаланған. Төлем құжаттарына қолмен түзету енгізіп, бюджет ақшасын жымқырған. Жыл сайын бюджетті есептеуде қаржыны жымқырып отырған», - деді Бигайдаров.

Ол атағандай, белгіленген нормадан жалақыны көп төлеу арқылы қаржы ұрланған.

«Бөгде үлестес тұлғаларды есептеген, өзге адамдардың мәліметтері бойынша өз карталарына ақша аударған. Өлген жандарға ақша төлеп жымқырған. Білім беру саласында 206 қылмыстық іс тергелді. Олар бойынша залал 14 млн теңгеден асты. Жымқырудың ең ауқымды сомасы Түркістан, Жетісу, Қызылорда, Ақтөбе және Алматы облысында тіркелген», - деді Бигайдаров.

Ресми өкілдің айтуынша, жақында Жетісу облысы Сарқан ауданындағы білім бөлімінде заңсыздық анықталған.

«Бөлім бухгалтері жалақыны заңсыз аударып, 1 млрд бюджет қаражатын жымқырды деп күтіктеліп отыр. Тергеу әрекеті барысында 156 млн сомасындағы қаражат тәркіленді. Күдікті қамауға алынды», - деді ол.

Бигайдаров Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының білім бөлімі мен мектеп бухгалтерлеріне қатысты үкім шыққанын айтты.

«Олар 1 млрд теңгені жымқырған. Сот мекеме басшысы мен бас есепшіні 8 жыл бас бостандығынан айырды. Мектеп бухгалтерінің жас баласы бар екенін ескере отырып 7 жыл бас бостандығын өтеу кейінге қалған», - деді ол.