Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты.
ERNUR.KZ. Қазақстанда енді сегіз балаға 85 000, он балаға – 106 000, он бес балаға – 159 мың теңгеден төленетін болады, деп жазады baq.kz.
Қазіргі уақытта байқасаңыздар жеті баладан әрі қарай біркелкі мөлшерде. Сондықтан бұл жағдайды қарастырып, сегізінші және одан кейінгі балаларға да жәрдемақыны сараланған түрде төлеу мәселесін қарастырып жатырмыз. Енді сегіз балаға 74 000 емес, 85 000, он балаға – 106 000, он бес балаға – 159 мың теңгеден төленетін болады, - деді Біржан Нұрымбетов.
Оның айтуынша, 42 500-ден 74 400 теңгеге дейін төленетін жәрдемақы 370 мың отбасыға төленген.
Көпбалалы отбасыларға табыстарына қарамастан, балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден 74 400 теңгеге дейін төленетін жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазірдің өзінде шамамен 370 мың отбасына төленді. 2020 жылға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд теңге қарастырылған, - дейді министр.
Жалпы, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 486 мың отбасына немесе 2,4 миллионға жуық адамға АӘК тағайындалған. АӘК 244,2 млрд теңге сомасында төленіпті. Одан бөлек, ол жаңа тәсілдерге сәйкес АӘК тоқсан сайын тағайындалатындығын атап өтті.
Егер еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылар жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасына тоқтатылатын болады. Биылғы жылдың 1 ақпанына көмек 37,4 мыңнан астам отбасына немесе 187,3 мыңнан астам адамға, оның ішінде 122,9 мың балаға тағайындалды. Сонымен қатар, табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады. Әкімнің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасарлары кепілдендірілген әлеуметтік топтамалардың уақытылы берілуін қамтамасыз етуі керек. Табысы аз отбасындағы әрбір балаға мемлекеттік көмек көрсетілуі тиіс, - дейді Біржан Нұрымбетов.