Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау объектілері үшін 1 100 медицина қызметкері даярланады.
ERNUR.KZ. Астанада премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп жазады sputnik.kz.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, ауылдағы медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасың аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 253 медициналық пункт, 242 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория салу көзделіп отыр.
"32 көпбейінді орталық аудандық аурухананы (2024 жылы – 7, 2025 жылы – 25) жаңғырту жоспарланып отыр. Онда инсульт орталықтары, кардиология, жан сақтау және оңалту бөлімшелері ашылып, олар КТ, МРТ, УДЗ, ӨЖЖ аппараттарымен жарақтандырылмақ", - деді министр.
Сонымен қатар ауылдық денсаулық сақтау объектілері үшін 1 100 медицина қызметкері даярланады.
Премьер-министр биыл құрылысы басталатын медициналық нысандардың барлығына дерлік жер бөлінгенін атап өтті. Тек Ұлытау облысында ғана аталған жұмыстар жалғасуда.
"Әкімдік жер учаскесін бөлу жұмыстарын бір апта ішінде аяқтауға тиіс", — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар үкімет басшысы 1 сәуірге қарай алғашқы көмек көрсету объектілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау, 1 мамырға дейін көпбейінді аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу және қайта жаңарту үшін құжаттаманы әзірлеу қажеттігін айтты. Құрылыс маусымы басталғаннан кейін барлық өңір жобаларды іске асыруға кірісуі керек.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, жаңа медициналық нысандарды кадрлармен қамтамасыз етуді алдын ала қарастырып, оларға әлеуметтік қолдау шараларының толық пакетін ұсыну қажет.
"Тағы да атап өтемін, Ұлттық жобаны іске асырудың әрбір кезеңін жобалық басқару жүйесі шеңберінде тұрақты бақылауға аламыз", — деді үкімет басшысы.